802

Ақтауда кезекшілікте қаза тапқан күзетшінің өліміне қатысты тергеу қайта жүргізіледі

Марқұмның туысы комиссия қорытындысын даулағаннан кейін сот істі қайта қарауға шешім шығарды.

Ақтауда кезекшілікте қаза тапқан күзетшінің өліміне қатысты тергеу қайта жүргізіледі
@mngsudkz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында түнгі кезекшілік кезінде шабуылға ұшырап, қаза тапқан күзетшінің өліміне қатысты арнайы тергеу қайта жүргізілетін болды. Сот бұған дейін жасалған комиссия қорытындысын заңсыз деп танып, еңбек инспекциясына істі қайта қарауды міндеттеді.

Оқиға 2025 жылғы 8 қыркүйекте болған. П. есімді азамат күзет агенттігінде еңбек шарты бойынша жұмыс істеген. Сол күні сағат 20:00-де ол Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығындағы күзет бекетіне кезекшілікке кіріскен.

Түнгі сағат бірлер шамасында бөгде адам темір қоршаудан асып өтіп, қан алу пунктіне кірген. Іс материалдарына сәйкес, оның қолында ұзын металл зат болған және ол тонау мақсатында нысанға кірген.

Күзетші шу естіп, қан алу пунктіне барған. Сол жерде әлгі адам оған шабуыл жасаған. П. ауыр жарақат алып, Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Оқиғадан кейін еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, күзетшінің өліміне қатысты қызметтік тергеу жүргізген. Алайда комиссия оқиғаны еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде танымаған.

Комиссия актісінде шабуыл болған кезде күзетшінің ұйықтап жатқаны көрсетілген. Сондай-ақ комиссия оның өліміне бөгде адамның заңға қайшы әрекеті себеп болған және бұл әрекет күзетшінің еңбек міндеттерін орындауымен байланысты емес деген қорытынды жасаған.

Алайда марқұмның туысы бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Ол арнайы тергеу нәтижесін заңсыз деп танып, істі қайта қарауды талап етті.

Сот комиссия қорытындысын неге жойды?

Сот шабуылдың күзетшінің жұмыс уақытында және жұмыс беруші белгілеген жұмыс орнында болғанын анықтаған. Осыған қарамастан, комиссия оқиғаның барлық мән-жайын толық зерттемеген.

Атап айтқанда, комиссия медициналық орталық аумағындағы бейнебақылау жазбаларын сұратпаған, қылмыстық іс материалдарын зерделемеген және күзет агенттігінің жауапты қызметкерлерінен түсініктеме алмаған.

Бұдан бөлек, комиссия құрамына медициналық орталық пен күзет агенттігінің өкілдері енгізілмеген. Сот мұндай талап еңбек заңнамасында көзделгенін атап өтті.

Осы жайттарды ескере отырып, сот еңбек инспекциясының тергеуді формалды жүргізіп, күзетшінің өліміне әкелген барлық себеп пен жағдайды анықтамаған деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде сот марқұмның туысының талабын толық қанағаттандырып, арнайы тергеу актісін заңсыз деп таныды. Еңбек инспекциясына заң талаптарын сақтай отырып, оқиғаны қайта тергеу міндеттелді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Материал авторы