1415

Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына жол сапасына қатысты қатаң ескерту жасады

Премьер-министр Дархан Иманашевтің баяндамасында жол саласындағы бірқатар проблеманың айтылмағанын атап өтті.

Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына жол сапасына қатысты қатаң ескерту жасады
primeminister.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашевке жол сапасына қатысты қатаң ескерту жасады.

Иманашев компанияның жұмысы туралы баяндама жасағаннан кейін, Үкімет басшысы есепте бірқатар өзекті мәселе қамтылмағанын айтты.

Бектеновтің сөзінше, Президент бұған дейін елдегі жолдардың сапасына қатысты атап өткен кемшіліктер «ҚазАвтоЖолдың» жұмысына да тікелей қатысты.

«Баяндама жақсы, бірақ сіз айтпаған көптеген проблемалық мәселе бар. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да қатысты. Жолдардың сапасын жақсарту керек. Жұмыс істеңіздер, әйтпесе басқа адамдар жұмыс істейді», – деді Премьер-министр.

Осылайша, Үкімет басшысы ұлттық компания басшылығына жол инфрақұрылымындағы мәселелерді шешу және жұмыс сапасын арттыру қажеттігін нақты жеткізді.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жолдардың жағдайын сынға алып, Үкімет пен әкімдіктерге қалалар ішіндегі және елді мекендерден тыс жолдардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырған болатын.

Мемлекет басшысы жол мәселесін елдегі өзекті проблемалардың бірі ретінде атап, тиісті шаралар заң талаптарына сәйкес қабылданатынын мәлімдеген.

Осыдан кейін Олжас Бектенов Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа және әкімдіктерге жол сапасына байланысты бірқатар тапсырма берген.

Материал авторы