1608

Бектенов Toyota Alphard көліктеріне жолаушы тасуға жол бермеуді тапсырды

Премьер-министр бастапқыда оң рульмен шығарылған Toyota Alphard көліктерінің жолаушы тасымалына пайдаланылуына қатысты нақты шара қабылдауды талап етті.

Бектенов Toyota Alphard көліктеріне жолаушы тасуға жол бермеуді тапсырды
toyotaalphard.com.au

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Toyota Alphard көліктерін жолаушы тасымалына пайдалану мәселесі Үкімет отырысында көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов бастапқыда оң рульмен шығарылған бұл көліктердің заң талаптарына қайшы қолданылуына жол бермеуді тапсырды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы алғашқы шаралардың бірі ретінде шамамен 70 мың оң рульді көлік тасымал процесінен шығарылған.

Қазір қауіпсіздікті одан әрі күшейту үшін бірқатар өзгеріс әзірленіп жатыр. Оның ішінде рульдік басқаруы оң жақтан сол жаққа қайта жабдықталған көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салу және жолаушы тасымалы саласында жұмыс істейтін агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру ұсынылған.

Олжас Бектенов Toyota Alphard көліктеріне қатысты мәселенің шешілген-шешілмегенін сұрады. Министрлік өкілдері оң рульді көліктерге қойылған шектеулерден кейін кейбір көліктер заңсыз түрде қайта жабдықтала бастағанын, мұндай жағдайлардың да анықталып, жолы кесіліп жатқанын айтты.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің мәлімдеуінше, қазіргі талап бойынша оң рульді көліктерді жолаушы тасымалына пайдалануға жол берілмейді. Министрлік рейдтерді Көлік министрлігі және тиісті компаниялармен бірлесіп жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтап, жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуда.

«Бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Негізгі жұмыс атқарылды. Қазір рейдтер арқылы Көлік министрлігімен және компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Тыйым бар, заң бар, заң бұзушылықтарды анықтап, жауапкершілікке тартамыз», – деді Ержан Саденов.

Бектенов Toyota Alphard көлігінің бастапқыда оң рульді болып шығарылатынын атап өтті.

«Егер ол бізде жолда жүрсе, бұл – заң бұзушылық. Мұндай жағдайлардың жолын кесу керек. Себебі қалааралық трассаларда осы шағын автобустардың қатысуымен адам шығыны көп жол-көлік оқиғалары болған», – деді премьер-министр.

Бұған дейін депутат Ерлан Саиров Қазақстанда Toyota Alphard көліктерін пайдалануға тыйым салуды ұсынған болатын. Оның пікірінше, мұндай көліктер адам өліміне әкелетін жол апаттарына жиі қатысады.

Материал авторы