«Қызметкер өзін бұлай ұстамауы керек»: ІІМ туристік полициядағы жағдайға пікір білдірді
Астанада туристік полицияның екі қызметкері не үшін жұмыстан шығарылғаны белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада туристік полицияның екі қызметкері резонанс тудырған видеодан кейін ішкі істер органдарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігі қызметкерлердің жұмыстан босатылуына тәртіптік комиссияның шешімі себеп болғанын түсіндірді.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған видеоны қоғам әртүрлі қабылдаған. Бір тарап полицейлерді қолдаса, енді бірі олардың әрекетін сынға алған. Алайда қызметтік тексеру нәтижесінде мәселе тәртіптік комиссияның қарауына шығарылған.
Комиссия екі қызметкердің әрекетін кем дегенде қызметтік әдеп пен полиция қызметкерлерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзу деп бағалаған.
«Шынында да, бұл жағдай үлкен резонанс тудырды. Қоғам пікірі де екіге бөлінді деуге болады. Біреулер қолдаса, енді біреулер үзілді-кесілді қарсы болды. Біз бұл мәселені тәртіптік комиссияда қарадық. Комиссия олардың әрекетін кем дегенде қызметтік әдеп пен полиция қызметкерлерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзу деп таныды», – деді ІІМ басшысының орынбасары.
Лепеха полиция қызметкерлері қызмет барысында белгіленген тәртіп пен мінез-құлық нормаларын сақтауы керек екенін атап өтті.
«Мүмкін, біз консервативті адамдар шығармыз, бірақ полиция қызметкері өзін бұлай ұстамауы керек деп есептейміз. Тәртіптік комиссия бұл әйелдерді жұмыстан шығарған дұрыс деп шешті. Бәлкім, олар мәдениет саласынан өз орнын табар», – деді ол.
Бұған дейін Астанада туристік полицияның екі қызметкері египеттік блогермен түсірілген резонансты видеодан кейін ішкі істер органдарынан шығарылған болатын. Кадрларда блогер формалы қызметкерлердің бірін көтеріп, айналдырғаны көрінген.
Елорда полиция департаменті жүргізген қызметтік тексеруден кейін бұл әрекетті қызметтік әдеп пен қызметтік міндеттерді атқару кезіндегі мінез-құлық талаптарын бұзу деп бағалаған.
Материал авторы