1413

Әділетхан Молдахан түрмеде қала ма: сот апелляциялық шағымға нүкте қойды

Әділетхан Молдаханға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы және бес жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынған.

Әділетхан Молдахан түрмеде қала ма: сот апелляциялық шағымға нүкте қойды
instagram.com/adiletkhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот шешімі шықты. Алматы қалалық соты оның шағымын қанағаттандырмай, бұған дейін шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Соттың апелляциялық инстанциясы Молдаханды ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған алғашқы сот шешімін қайта қараған. Нәтижесінде блогер 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылу жазасын өтеуге тиіс.

Сонымен қатар сот үкімімен оған қосымша жаза тағайындалған. Атап айтқанда, Молдаханға бес жыл бойы қоғамдық-публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынған.

Блогерге қатысты іс осы жылдың көктемінде қозғалған. 31 наурызда Алматы қаласының полиция департаменті оның көрінеу жалған ақпарат таратқанына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағаны белгілі болды. Сол кезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Кейін полиция Молдаханның бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған.

8 сәуірде сот блогерді екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 4 маусымда оған қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.

Енді Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Материал авторы