908

Павлодарда такси жүргізушісі жарма салынған пакеттен 6 млн теңгеге жуық ақша тауып алды

Павлодарлық зейнеткер телефон алаяқтарының сөзіне сеніп, қолма-қол 5,97 млн теңгені курьерге беріп жіберген.

Павлодарда такси жүргізушісі жарма салынған пакеттен 6 млн теңгеге жуық ақша тауып алды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда такси жүргізушісінің қырағылығы телефон алаяқтарына алданып қалған зейнеткердің 6 млн теңгеге жуық ақшасын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Әйел қолма-қол жинаған 5,97 млн теңгені курьерге беріп, оны Алматыға жөнелткен. Алайда сәлемдемені жеткізуші жүргізуші жолда күмәнді жайтты байқап, полицияға хабарласқан.

Оқиға қаладағы көлік жуу орындарының бірінде басталған. Такси жүргізушісіне Алматыға жеткізу үшін пакет берілген. Жолда оның ішіндегі жарманың сыртқа төгіле бастағанын байқаған жүргізуші сәлемдемені тексеріп, ішінен қомақты көлемдегі қолма-қол ақша тапқан.

Ақшаның шығу тегіне күмәнданған ол бірден полицияға жүгінген. Құқық қорғау органдары ақшаның иесін анықтап, зейнеткермен байланысқа шыққан.

Тексеру барысында әйелдің кең таралған телефон алаяқтығының құрбаны болғаны анықталды. Алдымен оған белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін энергиямен жабдықтау ұйымының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар электр есептегішті ауыстыру қажет екенін айтып, әйелден SMS арқылы келген кодты атауды сұраған.

Осыдан кейін зейнеткерге электронды үкімет атынан қоңырау түскен. Қоңырау шалушылар әйелдің атына несие рәсімделгенін айтып, оны жабуға көмектесуді ұсынған.

Алаяқтардың нұсқауына сенген зейнеткер қолма-қол 5 млн 970 мың теңге жинап, курьерге берген. Кейін курьер ақшаны Алматыға жөнелту үшін такси жүргізушісіне тапсырған.

Алайда сәлемдеме алаяқтардың қолына жетпей қалды. Такси жүргізушісінің қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ақшаның толық сомасы заңды иесіне қайтарылды.

Полиция азаматтарды телефон арқылы қоңырау шалатын бейтаныс адамдардың нұсқауына сенбеуге және SMS-кодтар мен банкке қатысты мәліметтерді ешкімге бермеуге шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор