Түркістан облысында 27 және 19 жастағы екі жігіт жол апатынан қаза тапты
Алдын ала мәлімет бойынша, жол талғамайтын көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, жеңіл көлікпен соқтығысқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында болған жол апатынан екі адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Төле би және Сайрам аудандарының шекарасындағы жол учаскесінде болған. Бұл туралы КТК арнасы жазды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол талғамайтын көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Салдарынан «ВАЗ» көлігінің 27 және 19 жастағы жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Көлікте болған тағы бір жолаушы аман қалып, аудандық ауруханаға жеткізілді.
Апат болған жол бөлігінің жағдайына жергілікті тұрғындар да алаңдаулы. Олардың айтуынша, бұл маңда көлік көп жүреді, ал кейбір жүргізушілер жылдамдықты асырып, қауіпті басып озуға жиі шығады.
Оқиғаның куәгері Искандер Таиров апатқа ұшырағандардың жасы жиырма шамасында болғанын айтқан.
Сайрам ауданының тұрғыны Самат Ахмеджанов та жолдағы жағдайдың қауіпті екенін атап өтті. Оның сөзінше, көліктер бұл учаскеде жоғары жылдамдықпен жүреді. Ол жолға жылдамдықты шектейтін белгілер, бейнебақылау камералары орнатылып, жол ережесін бұзғандарға бақылауды күшейтуді ұсынды.
Полиция жол апатына қатысты күдіктіні ұстап, бөлімшеге жеткізді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы