1464

Трамп АҚШ пен Иран арасындағы үш сағаттық келіссөз туралы айтты

Дональд Трамп кездесуді «өте нәтижелі» деп бағаласа, Тегеран Ормуз бұғазындағы жағдайды реттеудің бірнеше шартын алға тартқан.

Трамп АҚШ пен Иран арасындағы үш сағаттық келіссөз туралы айтты
REUTERS/Nathan Howard

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ пен Иранның ресми өкілдері Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 81-сессиясы аясында бірнеше айдан кейін алғаш рет келіссөз өткізді. Кездесу шамамен үш сағатқа созылған. АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөзді «өте нәтижелі» деп бағалады. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды.

Келіссөзге АҚШ атынан Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, ал Иран тарапынан сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қатысты. Кездесу Катар мен Пәкістанның арағайындығымен ұйымдастырылған.

Кейін Уиткофф әлеуметтік желідегі парақшасында тараптар арасында ұзақ талқылау өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, делдалдар күні бойы екі жақпен байланыс орнатып, келіссөз процесіне араласқан. Уиткофф бұл раундты конструктивті әрі болашағы бар келіссөз ретінде бағалап, арағайындар жұмысты жалғастыратынын жазды.

Трамп Парсы шығанағындағы елдердің басшыларымен кездесуі кезінде де Иранмен келісімге қол жеткізуге мүмкіндік барын айтып, келіссөздерде «үлкен серпін» байқалғанын мәлімдеді.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тегеран Вашингтонға Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасын қайта жандандырудың шарттарын ұсынған. Олардың қатарында АҚШ-тың теңіз блокадасын дереу тоқтатуы, санкцияларға байланысты бұғатталған ирандық активтерді босатуы және әскери әрекеттерді доғаруы бар.

Алайда келіссөз алдында АҚШ президенті БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Трамп Тегеранмен келісімге келу немесе Ислам Республикасына қарсы әскери шара қолдану арасындағы таңдау алдында тұрғанын айтты.

AFP мәліметінше, Трамптың осы сөзін тыңдау кезінде Иран делегациясы залдан шығып кеткен.

Материал авторы