«Стрессті басатын массаж» ұсынған талдықорғандық әйел тағы да полицияға түсті
TikTok-тағы тікелей эфир талдықорғандық әйелді үшінші рет сотқа жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорғанда 44 жастағы тұрғын TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін үшінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында құқықбұзушылықты анықтаған. Бұл туралы Жетісу облысының полиция департаменті жазды.
Полиция мәліметінше, әйел тікелей эфир барысында «стресті басатын массаж» ұсынған.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, бұл тұрғын бұған дейін де дәл осындай құқықбұзушылық үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, қабылданған шараларға қарамай, ол қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекетін тағы қайталаған.
Осы дерек бойынша полиция қажетті материалдарды жинап, істі сотқа жолдады. Сотта әйел кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот жаза тағайындау кезінде оның кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, әкімшілік айыппұл салу туралы шешім қабылдаған.
Айта кетейік, бұған дейін аталған тұрғын TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін екі рет жауапқа тартылғаны хабарланған болатын.
Материал авторы