Астанада көлік электронды жүйедегі ақаудан Есіл өзеніне құлап кетті
Сарайшық ауданында электронды жүйедегі ақаудан жеңіл көлік өзен арнасына түсіп, оны құтқарушылар кранның көмегімен шығарды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жеңіл көлік электронды жүйедегі ақауға байланысты Есіл өзенінің арнасына түсіп кетті. Көліктегі жүргізуші мен жолаушы өздігінен сыртқа шығып үлгерген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі жазды.
Оқиға Сарайшық ауданында болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, автокөлік электронды жүйедегі ақаудың салдарынан өзенге қарай сырғып, суға түскен.
Көліктегі екі адам өздігінен сыртқа шыққан. Ал автокөлікті судан шығару үшін құтқарушылардың көмегі қажет болды.
Оқиға орнына ТЖМ жедел-құтқару жасағының мамандары келді. Сүңгуірлер су астындағы жағдайды тексергеннен кейін автокөлікті арнайы кранның көмегімен өзеннен көтеріп шығарды.
Көлік иесі құтқарушыларға жедел әрі кәсіби көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Материал авторы