1459

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жаңа Аппаратымен алғашқы жиын өткізді

Президент жаңа мемлекеттік органның жұмысында киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және стратегиялық қауіпсіздік мәселелеріне басымдық берді.

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жаңа Аппаратымен алғашқы жиын өткізді
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев дербес мемлекеттік орган ретінде қайта құрылған Қауіпсіздік кеңесі Аппаратымен алғашқы кеңесін өткізді. Жиында ұлттық қауіпсіздіктің бірқатар маңызды бағыты бойынша басым міндеттер белгіленді. Бұл туралы Ақорда жазды.

  1.  

Мемлекет басшысы Аппараттың жаңа мәртебесін мемлекеттік институттарды реформалау үдерісінің бір бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында Қауіпсіздік кеңесі ел үшін маңызды мәселелер бойынша нақты әрі негізделген шешімдер әзірлейтін орталыққа айналуы тиіс.

Тоқаев қазіргі қауіп-қатерлердің сипаты өзгеріп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты киберқауіпсіздік пен жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Президент ақпараттық және технологиялық қауіпсіздікпен қатар, азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздікті де маңызды бағыттар ретінде атады. Бұл салалардың алдағы кезеңде өзектілігі арта түсетінін айтты.

Жиында аталған бағыттар бойынша негізгі басымдықтар айқындалды. Мемлекет басшысы жұмыстың басты бағдарларының бірі ретінде «Заң және тәртіп» қағидатын атады.

Қауіпсіздік кеңесінің жаңа Аппараты дербес мемлекеттік орган ретінде 2026 жылғы 29 тамызда мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты Президент жарлығымен құрылған. Ал 11 қыркүйекте Тоқаев Аппараттың ережесі мен құрылымын бекітті.

Кеңес қорытындысында Аппаратқа бірқатар нақты міндет жүктелді. Қауіпсіздік кеңесі жұмысының тиімділігін бағалауда Қазақстанның ұлттық мүдделерін, егемендігін және тұрақтылығын сенімді қорғау негізгі өлшем ретінде белгіленді.

Материал авторы