Астана әуежайында бір жолаушының жүгінен 50 iPhone 18 табылды
Кеденшілер жолаушылардың багажынан барлығы 223 смартфон мен 10 жұп AirPods тауып, оларды уақытша сақтау қоймасына орналастырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана әуежайында кедендік бақылаудан өту кезінде жолаушылардың багажынан 223 iPhone 18 смартфоны мен 10 жұп AirPods табылды. Құрылғылардың барлығы тиісті кедендік декларациясыз «жасыл дәліз» арқылы өткізілмек болған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі жазды.
Астанадағы Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Әуежай – Астана» кеден бекетінің қызметкерлері мобильді құрылғыларды заңсыз әкелуге қатысты 10 деректі анықтаған. Жолаушылар гаджеттерді багажына салып, кедендік декларация тапсырмаған.
Ең ірі жағдайлардың бірінде бір жолаушының жүгінен бірден 50 iPhone 18 шыққан. Кеден органдары мұндай көлем жеке адамның жеке пайдалануы үшін белгіленген шектен әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
Анықталған он жағдайдың төртеуінде жолаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Тағы төрт адам тауарларды кәсіпкер ретінде ресми тіркеусіз алып кірген.
Табылған құрылғылар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Заң бұзушылықтардың әрбір дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілік мәселесі қаралып жатыр.
Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаларға бір адамға екі ұялы телефоннан артық алып өтуге рұқсат етілмейтінін еске салды. Егер әкелінетін тауардың саны немесе сипаты жеке пайдалануға арналған тауар талаптарына сәйкес келмесе, оны міндетті түрде декларациялап, заңда белгіленген тәртіппен рәсімдеу қажет.
Материал авторы