1413

Ақтауда ботулизм диагнозы қойылған 9 жастағы баланың жағдайы бес күннен бері өзгермеген

Бір отбасының бірнеше мүшесі ысталған қызыл балықтан кейін уланып, қазір олардың екеуі балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Ақтауда ботулизм диагнозы қойылған 9 жастағы баланың жағдайы бес күннен бері өзгермеген
mgorod.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында ботулизм диагнозы қойылған 9 жастағы баланың жағдайы бес күннен бері өзгермей, аса ауыр күйде қалып отыр. Баланың туыстары оны емдеуге Астанадан республикалық деңгейдегі мамандарды тартуды сұраған. Бұл туралы Zakon.kz басылымы жазды.

Бала Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ботулизмнің ауыр түрімен, инфекциялық-токсикалық шок жағдайында түскен. Дәрігерлердің айтуынша, оның есі бұзылып, рефлекстері болмаған. Науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ауруханаға түскен сәттен бастап оған ботулизмге қарсы сарысу енгізіле бастаған.

Аурухана директорының емдеу және ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Алия Ишимованың мәліметінше, бала қажетті емнің барлығын алып жатыр. Медициналық мекемеде ботулизмге қарсы сарысу жеткілікті. Дәрігерлер алғашқы күннен-ақ консилиум өткізіп, науқастың жағдайын бақылауға алған.

Бұған дейін осы отбасының бірнеше мүшесі 17 қыркүйекте туысының туған күніне барғаннан кейін өзін нашар сезінген. Дастарханға ысталған қызыл балық қойылған. Зардап шеккендер балықтың тоңазытқыштан алынғанын айтқанымен, оның қанша уақыт сақталғаны белгісіз.

Арада бір-екі күн өткен соң отбасы мүшелерінің денсаулығы күрт нашарлап, олар жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізілген. Науқастардың барлығы жансақтау бөліміне түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған және ботулизмге қарсы сарысу алған. Олардың жағдайы әлі де ауыр.

Отбасындағы 5 жастағы тағы бір бала да бірнеше күн бұрын балалар ауруханасына түскен. Қазір оған да медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Дәрігерлер 9 жастағы науқас бойынша күн сайын Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисті және бас реаниматологымен телемедициналық кеңес өткізіп отырғанын айтты. Сонымен қатар мамандар тұрақты түрде консилиум ұйымдастырады.

Алайда баланың туыстары онлайн кеңес жеткіліксіз деп санап, Маңғыстау облысының әкімі мен денсаулық сақтау басқармасына республикалық деңгейдегі бейінді мамандарды Ақтауға шұғыл шақыру туралы өтініш жасаған. Олар баланы толық тексеріп, мамандардың қатысуымен консилиум өткізуді және емдеу тактикасын қайта қарауды талап еткен.

Туыстарының талабынан кейін Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына елордалық мамандарды шақыру туралы шешім қабылданды. Ақтауға санитарлық авиациямен реаниматолог, инфекционист және невролог ұшып келіп, жергілікті дәрігерлермен бірге науқасты қарап, консилиум өткізеді.

Мамандар ботулизм кезінде уақыттың аса маңызды екенін ескертеді. Аурудың кеш анықталуы мен медициналық көмекке кеш жүгіну науқастың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Дәрігерлердің айтуынша, уланудың ауырлығы ағзаға түскен токсиннің мөлшеріне және тұтынылған өнім көлеміне де байланысты. Ботулиндік токсин өте күшті у болып саналады.

Мамандар тұрғындарға сапасына күмән келтіретін, әсіресе дұрыс дайындалмаған немесе сақталмаған консервіленген өнімдерді тұтынбауға кеңес берді. Сондай-ақ мұндай тағамдарды балаларға бермеуге шақырды. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор