699

Сәтбаев маңындағы шахтада өрт шықты: оқиға видеоға түсіп қалған

Өрттен шахта оқпанының жер астындағы ағаш конструкциялары мен шпалдары да зақымданған.

Сәтбаев маңындағы шахтада өрт шықты: оқиға видеоға түсіп қалған
instagram.com/typical_satpayev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысында Сәтбаев қаласынан шамамен 35 шақырым жердегі, 2025 жылдан бері пайдаланылмай тұрған шахтада өрт шықты. Төтенше жағдай кезінде жалын жер астындағы шахта оқпанына да тараған. 

Өрт 22 қыркүйекте №45 шахтаның аумағында болған. Алдымен шахта көтергіш мұнарасының ағаш конструкциялары шамамен 50 шаршы метр аумақта тұтанған.

Оқиға орнына құтқарушылар жеткеннен кейін жалынның шахта оқпанының жер астындағы бөлігіне өтіп, ағаш конструкциялар мен шпалдарды шарпығаны анықталған.

Құтқару қызметінің мамандары өртті кешке қарай толық сөндірді. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Өртті жою жұмыстарына Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментінен шамамен 35 адам мен 10 арнайы техника, сондай-ақ ЖАҚО тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шахтадағы өртті сөндіру сәттері әлеуметтік желіде тараған видеоға да түсіп қалған. 

Материал авторы