«Бөтен еркектен бала туды»: Қарағандыда көршісі туралы өсек таратқан зейнеткер жазаланды
66 жастағы әйел көршісі туралы жалған ақпарат таратқанын сотта мойындады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда 66 жастағы зейнеткер көршісі туралы жалған ақпарат таратып, сот шешімімен 484 400 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Қарағанды облысының полиция департаменті баспасөз қызметі жазды.
Полицияға 34 жастағы қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, 66 жастағы көршісі өзі туралы түрлі қауесет таратып, тіпті баласын бөтен ер адамнан туған деп айтқан.
Арызды қараған учаскелік полиция инспекторы Төлеген Жанкеев тұрғындардан жедел жауап алып, жалған әңгіменің таралуына себеп болған адамды анықтаған.
Зейнеткер өз кінәсін жоққа шығармаған. Іс сотта қаралып, әйел жала жапқаны үшін кінәлі деп танылды. Нәтижесінде оған 484 400 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жәбірленуші учаскелік инспектордың жұмысын атап өтіп, Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығына алғыс хат жолдаған.
Полиция өкілдері жалған ақпарат пен жала таратудың заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Материал авторы