Жасанды интеллект бактерия вирустарының ДНҚ-сынан жаңа фермент жүйесін анықтады
Anthropic зертханасының мәлімдеуінше, Claude бактериофагтардың ДНҚ-сынан бұрын белгісіз болған ферменттік жүйені анықтаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Anthropic компаниясы Сан-Франциско шығанағы аймағындағы биологиялық зертханасында жасанды интеллект көмегімен бұрын белгісіз болған ферменттік жүйені анықтағанын мәлімдеді. Жүйе бактериофагтардың ДНҚ-сынан табылған және қасиеттері жағынан генетикалық материалды редакциялауға мүмкіндік беретін CRISPR технологиясына ұқсайды.
Компания мәліметінше, Claude моделі аталған жүйені іздеу жұмысына белсенді қатысқан. Anthropic бас директоры Дарио Амодеи зерттеу барысында нейрожелі шамамен 21 сағат жұмыс істегенін айтты. Жасанды интеллект биологиялық деректерді талдау үшін 950-ге жуық агентті пайдаланып, 210 миллион токен өңдеген.
Зерттеушілер анықтаған механизм генетикалық материалдың жекелеген бөліктерін кесу, көшіру және енгізу сияқты негізгі операцияларды орындауға мүмкіндік береді. Осы сипаттары оны ДНҚ-ны редакциялауға арналған CRISPR жүйелерімен салыстыруға негіз болып отыр.
Алайда зерттеу толықтай жасанды интеллекттің жұмысы болған жоқ. Тәжірибелердің зертханалық бөлігіне адамдар қатысқан. Сонымен қатар Anthropic жұмыстың бұған дейінгі ғылыми зерттеулерге сүйенгенін атап өтті. Компания басшысы Стэнфорд университетінің ғалымдар тобы бұған ұқсас жүйені бұрын анықтағанын да мойындады.
Anthropic зертханасы BSL-1 және BSL-2 биологиялық қауіпсіздік деңгейлерінде жұмыс істейді және адамға қауіпті патогендермен тәжірибе жүргізбейді. Бұған дейін Дарио Амодеи жасанды интеллекттің биологиялық қару жасау мақсатында пайдаланылу қаупіне алаңдайтынын айтқан. Соған қарамастан ол нейрожелілердің медицинадағы әлеуеті тәуекелдерінен жоғары болуы мүмкін екенін атап өткен.
Енді жаңа жүйенің қаншалықты бірегей екеніне ғылыми қауымдастық өз бағасын беруі тиіс. Anthropic болашақта жасанды интеллект зертханалық құрал-жабдықтарды адамның тікелей араласуынсыз басқаратын толық автоматтандырылған зертханалар құру мүмкіндігін де қарастырып отыр.
Материал авторы