2040

«Жапа шеккен 20 баланың тізімі бар»: сопы Исматулла Мақсұмға қатысты ауыр айыптаулар айтылды

Бұрын «Зікіршілер» діни тобының құрамында болған үш жігіт сұхбатта Исматулла Мақсұмның медресесінде тәрбиеленген балалардың зорлық көргенін айтып, құқық қорғау органдарын тексеріс жүргізуге шақырды.

«Жапа шеккен 20 баланың тізімі бар»: сопы Исматулла Мақсұмға қатысты ауыр айыптаулар айтылды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Исматулла Мақсұмға қатысты ауыр айыптаулар айтылған сұхбат тарады. Бұрын «Зікіршілер» деп аталған, өзін сопылық жолды ұстанушылар ретінде көрсеткен діни топтың құрамында болған Ақылбек, Мұхаммед және Есбатыр есімді жігіттер Абзал Достиярға берген сұхбат барысында медреседе көргендері мен естігендері туралы мәлімдеген.

Абзал Достияр жазбасында Исматулланың жақын серігі Саят Ыбырай сұхбат берген үш жігітті кездесуге шақырып, оларға 20 миллион теңге ұсынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ақша «осы әңгімені тоқтату» үшін ұсынылған. Алайда бұл ақпараттың шынайылығын тиісті органдар анықтауы керек.

«Исматулла гомосексуалист пе? Кеше дұрыс ұйықтай алмадым. Естігенімнен жиіркендім бе, басқа ма, түсіне алмадым. Алдыңғы эфирде мына екі жігіт: «Өте жиіркенішті жағдай бар, бірақ оны айтпай-ақ қояйық» деген, мен де қыстамадым. Кеше үшеуі эфирге шығып, айтарымыз бар деген соң уақыт бөлдім. Сол эфирден кейін Исматулланың жақын серігі Саят Ыбырай мына үш жігітті кездесуге шақырып, 20 миллион теңге ұсыныпты. Осы ақшаны алып, тыныш жүріңдер деген екен.

Ең сорақысы – Исматулла деген адамның адам шошырлық ісі болып тұр. Мына екі жігіттің сөзінше, «сопылардың пірі» ер балалармен жыныстық жақындыққа барған. Сенгім келмесе де, бір-екі себеп болып тұр. Біріншіден, мына балалар сендіріп айтып отыр, өздеріңіз тыңдап көрерсіздер. Екіншіден, Ауған елінде жасөспірім ұл балаларды жезөкшелік жолға салу үрдісі бар екенін ашық ақпарат көздерінен естігенмін. «Бача Бази» деп интернетке терсеңіздер, толып тұр. Сол елде көрген ауруынан жазылмаған сияқты, ақ-қарасын құқық қорғау орындары анықтар.

Біздің құзырлы орындар мына жағдайды назарына алуы тиіс деп санаймын. Жігіттер жыныстық зорлық көрген 20 баланың тізімін береміз дейді. Құқық қорғау орындары өз әдісімен анықтап, шара қолданса деген тілектері бар», – деп жазды Абзал Достияр.

Ол бұған дейінгі тағы бір жазбасында аталған топтың тарихына қатысты өз пікірін білдіріп, құқық қорғау органдарының жағдайды тексеруі қажет екенін айтқан.

«Көсемдері Исматулла Мақсұмды әулие деп санайтын бұл топ осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын қуғынға ұшыраған болатын. 2006 жылы мүфтият имамдарының аузымен сол кездегі президент Назарбаевқа Исматуллашылардың үстінен арыз айтылды. Содан соң бұл ағымның талқанын шығарған еді. 9 жылға сотталған Исматулла түрмеден шыққан соң да бұрынғы әдетін тоқтатпады. Қаншама қаракөздердің тағдырын талқан етті, әлі де жалғастырып жатыр. Жамағатындағы кісілердің үйіне дейін тартып алып, несиеге жегіп қойғаны тағы бар. Мына екі жігіттің сөзінен кейін Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз назарына алып, құқық қорғау органдары бұл ағымның ісін майшаммен қарауы тиіс деп санаймын. Тыңдап шықсаңыздар, денелеріңіз түршігеді», – деп жазды Абзал Достияр.

Сұхбат барысында Ақылбек есімді жігіт медреседе болған баланың өзіне айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, бала Исматулладан жыныстық сипаттағы әрекетке шақырған сөздер естігенін және кейін зорлық сипатындағы әрекетке тап болғанын айтқан.

«Ақтөбеде жүргенде бір досымнан хабар келді. Досым: «Медреседе болған бір бала келіп, жылап айтып берді мына жағдайды», – деді. Бала медреседе 2 ай ма, 1 жыл ма жатқан, ұмытып тұрмын. Ол баланың айтуынша, бір күні оны ата (Исматулла Абдуғаппар – ред.) шақырып: «Сен менікін сүй, мен сенікін сүйемін», – деп айтқан. Сүй деп отырғаны – жыныс мүшесі.

Сол сәтте бала түсінбей қалған. Осы күнге дейін әулие деп жүрген адам не айтып тұр деп. Мүмкін қалжыңдап, мүмкін сынап тұрған болар деп ойлаған. Ата: «Не бұлдап тұрсың ба? Болмаса, әкел, мен сорамын», – деп айтқан. Баланың бұтын шешіп, көзінше жасаған. Бала атаны итеріп жіберіп, «Болмайды ғой бұлай» дегенде қашқан. Баланы ұстап алып: «Сен кімге айтайын деп тұрсың? Бұған кім сенеді? Сен өзің жындысың, жала жауып отырсың деп соттатып жібереді», – деп баланы қорқытқан.

Енді осыны өз аузынан естиін деп баланың өзіне хабарластым. Естіген кезде өз-өзіммен бір күн бойы күліп, жынданып кете жаздадым. «Осыншама уақыт сеніп келген әулиеміз, дініміз осындай болып шықты ма? Сонда кім болды бұл кісі?» – деп ойландым. Бұл әңгімеге сенгенім, себебі мен бұған дейін мамырдың ішінде балалардан естідім мұндай әңгімелерді, «ата осылай деп айтады екен» деп. 3–4 баладан естідім, бірақ сенбейтінмін. Іште 2 ай жатқанда естідім, бірақ сенбедім бұған. Және іштен бір бала келіп айтқаны бар: «Ұйықтап жатсам, бір бала келіп, мені аймалап жатты», – деп. Осындай мәселелер көп болды іште. Енді «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды ғой», – деді сұхбат беруші жігіттердің бірі Ақылбек.

Мұхаммед те осы оқиға туралы ақпаратты Ақылбекке өзі жеткізгенін айтты.

«Бұл жағдай туралы досым Ақылбекке айтқан мен едім. Ол бала маған келіп, жылап, бетпе-бет осы оқиғаны айтып бергенде, соны досыма айтқан едім. Іштен де мұндай жағдайды біраз балалардан естідік қой негізі, бірақ естіген соң сеніңкіремей жүрдік. Баланың шын айтқаны кәдімгідей көрініп тұр», – деді сұхбат беруші Мұхаммед.

Ал Ақылбек өздерінде жапа шеккен деп отырған 20 баланың тізімі бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар және көпшілігі бұл туралы ашық айтуға қорқады.

«Жапа шеккен 20 баланың тізімі бар бізде. Оның ішінде 14 жасар, 15 жасар, 20 жасар балалар бар. Бәрі бұны айтуға қорқады. Өзімізді соттатып жібереді, я жынды деп айтады. Ешкім айта алмайды бұны, айтуға намыстанады. Тексеру керек бұны», – деді Ақылбек.

Мұхаммедтің айтуынша, осы жағдайлар туралы естігеннен кейін олар аталған ортадан кеткен.

«Осы нәрсені естігеннен кейін кеттік біз», – дейді Мұхаммед.

Сұхбатта айтылған жайттар әзірге кейіпкерлердің мәлімдемесі ретінде ғана белгілі. Келтірілген айыптаулардың шынайылығын, сондай-ақ ықтимал қылмыстық құқық бұзушылықтың болған-болмағанын құқық қорғау органдары тексеріп, тиісті құқықтық баға беруі қажет.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор