1483

Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта 45,8 млн теңге өтемақы талап етілді

Жәбірленушілердің өкілдері Сәуле Жұбаниязовадан моральдық және материалдық шығынды өтеуді сұрады.

Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта 45,8 млн теңге өтемақы талап етілді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында жәбірленушілердің өкілдері мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязовадан моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап етті.

Гүлнар Қалиеваның өкілі соттан қылмыстық іс аясында азаматтық талапты тіркеп, оны азаматтық талап қоюшы ретінде тануды сұрады. Талап бойынша моральдық шығын көлемі 10 млн теңге деп көрсетілген. Бұған қоса, заңды өкілге жұмсалған 500 мың теңге және 53 мың теңге материалдық шығынды өтеу талап етілді.

Нұрпейісоваға қатысты талапты оның адвокаты Жадыра Құрымбаева мәлімдеді. Қорғау тарапы жәбірленуші алған жарақаттардан кейін есту аппаратын пайдалануға мәжбүр екенін, құрылғыны болашақта тұрақты түрде ауыстырып отыру қажет болатынын айтты.

Осыған байланысты адвокат 322 554 теңге көлеміндегі материалдық шығынды және моральдық зиян үшін 35 млн теңге өндіріп алуды сұрады. Сонымен қатар Сәуле Жұбаниязовадан Нұрпейісованың өмір бойы есту аппаратын ауыстыруға жұмсалатын шығынды өтеу міндетін жүктеуді өтінді. Бұл шығын әр екі жыл сайын 960 мың теңгені құрайды деп көрсетілген.

Осы уақытқа дейін сотқа берілген талаптардың жалпы сомасы 45 млн 875 мың 554 теңгеге жетіп отыр.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің кірпіштен қаланған қасбетінің бір бөлігі кондиционермен бірге опырылып түскен. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

Олардың арасында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Ол оқиға орнына зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін барған. Адамдарға көмектесіп жүрген сәтте оған ғимараттың екінші қабатынан кондиционер құлаған.

Дәрігерлер 8 қарашадан бастап фельдшердің өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, алған жарақаттары ауыр болып шықты. Ұлдана Мырзуан 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.

Сотта бұған дейін сарапшы қасбеттің опырылуына дейін ұзақ уақыт бойы ақау қалыптасқанын айтып, негізгі себептердің бірі ретінде құрылыс жұмыстарының өте сапасыз жүргізілгенін атаған. Сондай-ақ сот отырысында қасбеттің құлаған сәті түсірілген бейнежазба көрсетілген.

Материал авторы