3791

«Әбіл» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» бәйгесіне қатысады

Елзат Ескендірдің драмасы Америка киноакадемиясының 99-шы марапатында «Үздік халықаралық толықметражды фильм» санатында ел намысын қорғайды.

«Әбіл» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» бәйгесіне қатысады
facebook.com/qazaqstan.kinogerler.odagy

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан «Әбіл» фильмін Америка киноакадемиясының 99-шы марапатына ұсынады. Елзат Ескендір түсірген картина «Үздік халықаралық толықметражды фильм» (Best International Feature Film) номинациясында ел атынан қатысады. Бұл туралы Қазақстан Киногерлер одағының баспасөз қызметі жазды.

Фильм оқиғасы 1993 жылы, елде қоғамдық және экономикалық өзгерістер жүріп жатқан кезеңде өрбиді. Туындының басты кейіпкері – колхоздар таратылғаннан кейін жекешелендіру дәуірінің жаңа шындығына тап болған шопан Әбіл. Ол өзгерістер арасында өз қадір-қасиетін сақтап қалуға тырысады.

Басты рөлді Ерлан Төлеутай сомдаған. Фильмнің қоюшы-операторы – поляк кино маманы Йоланта Дылевска.

Қазақстанның «Оскар» комитеті мүшелері картинаның көркемдік және визуалдық деңгейіне жоғары баға берген. Комитет мүшесі, продюсер Анара Қашағанова фильмді шынайы кинематографиялық туынды деп бағалап, басты кейіпкер мен оның жұбайын сомдаған актерлердің дуэтін ерекше атап өткен.

Ал кинооператор Қазбек Амержанов операторлық жұмыстың ұстамды әрі көзге түсе бермейтін, бірақ өте мұқият орындалғанын айтқан. Оның пікірінше, фильм тұтас әрі әсерлі көркемдік дүние ретінде қабылданады.

«Әбіл» фильмінің әлемдік премьерасы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін картина Франция, Қырғызстан, Вьетнам және Бангладеште өткен бірқатар кинофестивальде жүлдеге ие болды.

«Қазақфильм» базасында Мәдениет министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген фильм Қазақстан кинотеатрларында 2026 жылғы маусымда прокатқа шықты. 

Материал авторы