1105

Жамбыл облысында TANK пен ВАЗ соқтығысып, төрт адам көз жұмды

Алдын ала мәлімет бойынша, TANK 500 жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, ВАЗ-2107 көлігімен соқтығысқан.

Жамбыл облысында TANK пен ВАЗ соқтығысып, төрт адам көз жұмды
t.me/halyqstan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Меркі ауданында TANK 500 және ВАЗ-2107 көліктері соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті жазды.

Оқиға 20 қыркүйекте Қостоған ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, TANK 500 көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, ВАЗ-2107 көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан ВАЗ-2107 көлігінің жүргізушісі және TANK 500 көлігінде болған үш жолаушы көз жұмған.

Жол талғамайтын көлікті басқарған әйел де жарақат алып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Полиция оның ішкі істер органдарының қызметкері емес екенін мәлімдеді.

Қылмыстық іс Жамбыл облысының полиция департаментінің өндірісіне берілді. Қазір тергеушілер жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында. Істің қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор