Каспийде қаза тапқан 12 әскери қызметшінің өліміне кінәлілер жазаланады – Бозымбаев
Қанат Бозымбаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және қажетті көмектің толық көрсетілетінін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде 12 әскери қызметшінің қаза болуына қатысты тергеу жан-жақты жүргізіледі. Кінәлі деп танылған лауазымды тұлғалар заң аясында жауапқа тартылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жазды.
Бозымбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет арнайы комиссия құрған. Оған Премьер-министрдің орынбасарының өзі жетекшілік етеді. Комиссия оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, әскери қызметшілердің қаза болуына не себеп болғанын жан-жақты тексеруге тиіс.
«Әрекеті немесе әрекетсіздігі осы қайғылы жағдайға әкелген барлық лауазымды тұлға заңның барлық қатаңдығымен жазаланады», – деді Бозымбаев.
Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мемлекет тарапынан көмексіз қалмайтынын атап өтті. Әр отбасыға қомақты материалдық көмек көрсетіліп, қажетті қолдау беріледі. Бозымбаев тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету мәселесін жеке бақылауында ұстайтынын айтты.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысының Каспий жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшінің қайда екені әзірге белгісіз, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалып, бірқатар тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Үкімет комиссиясы Маңғыстау облысына барып, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге кірісті. Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, облыс әкімі, бірқатар мемлекеттік органның өкілдері, Бас әскери прокурор және Шекара қызметінің өкілдері кірді.
Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Материал авторы