905

Бозжырада дәрет сындырған канадалық блогер Қазақстаннан шығып кеткен

Құқық қорғау органдары блогердің жеке басын анықтағанымен, ол видео жарияланғанға дейін Қазақстаннан шығып кеткен.

Бозжырада дәрет сындырған канадалық блогер Қазақстаннан шығып кеткен
бейнежазбадан

 SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалында дәрет сындырған сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған канадалық тревел-блогердің жеке басы анықталды. Алайда ролик жарияланған кезде ол Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Бұл туралы Маңғыстау облысының полиция департаменті жазды.

Маңғыстау облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында мемлекеттік табиғи қорық аумағында түсірілген видеоны анықтаған. Кадрларда шетелдік азаматшаның қоғамдық тәртіпті бұзған әрекеті көрсетілген.

«Әлеуметтік желілерден мемлекеттік табиғи қорық аумағында қыздың ұсақ бұзақылық жасағаны түсірілген бейнежазба анықталды», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары шетелдік азаматшаның кім екенін анықтаған. Полиция мәліметінше, видеоматериал Қазақстаннан кеткеннен кейін оның өз тарапынан жарияланған.

Осы дерек бойынша құқық бұзушылыққа қатысты материалдар әрі қарай тиісті дипломатиялық өкілдікке жолдау үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жіберілген.

Әңгіме канадалық видеограф әрі саяхат блогері Olessia Pliousnina туралы болып отыр. Ол Маңғыстауға сапары кезінде Бозжырада дәрет сындырған сәтін видеоға түсіріп, роликті әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Жазбада автор әрекетін «100/10 pee spot» деген жазумен сүйемелдеген.

Бейнежазба қазақстандықтардың наразылығын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары блогердің әрекетін сынап қана қоймай, өңірдің шалғай туристік бағыттарында қарапайым санитарлық жағдайдың жеткіліксіздігі мәселесіне де назар аударды.

Блогердің парақшасына ондаған мың адам жазылған. Ол саяхат тақырыбындағы контент түсіріп, Beautiful Destinations Academy жобасына қатысқан және туризм туралы деректі жобалармен жұмыс істеген.

Қазір видео жарияланған әлеуметтік желідегі аккаунт өшірілген және қолжетімсіз.

Маңғыстау облысының полиция департаменті Қазақстан аумағында заң талаптарын және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын еске салды. Ведомство қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Материал авторы