«Қош болыңдар, бауырларым»: Димаш Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына көңіл айтты
Димаш Құдайберген Ақтауда қаза болған 18-19 жастағы сарбаздарды «інілерім» деп атап, қайғысына ортақтасты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты. Әнші Ақтауда көз жұмған жас әскери қызметшілердің қазасына байланысты жүрекжарды жазбасын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Димаш қаза болған сарбаздардың жасы небәрі 18-19-да болғанын айтып, олардың өмірінің осылайша ерте үзілгеніне қынжылды.
«Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын.
Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені…
Қаза болған бауырларымыздың ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алла жүректеріңізге сабыр, өздеріңізге күш берсін.
Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын.
Е Алла, құдіреті күшті Алла, інілерімді алдынан жарылқағайсың. Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын…
Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын.Қош болыңдар, бауырларым…», – деп жазды Димаш.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде болды. Кенет ауа райы нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші ашық теңізге ағып кеткен.
Жедел жүргізілген құтқару жұмыстары барысында үш сарбаз аман қалды. Қазір тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр. Ал 12 әскери қызметші қаза тапты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Материал авторы