Каспийдегі әскери жаттығу: жоғалған тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды
Түнгі іздеу жұмыстарының нәтижесінде Каспийге ағып кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде жоғалып кеткен екі әскери қызметшінің денесі түнгі іздеу жұмыстары барысында табылды. Осылайша қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің саны 14 адамға жетті. Бұл туралы 24KZ жазды.
Іздеу жұмыстары түні бойы жалғасты. Бұған дейін әскери қызметшілер Ақтау қаласынан 43 шақырым жердегі демалыс базасы маңында теңізге ағып кеткен болатын.
24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан теңізге 17 әскери қызметші ағып кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуін құтқарушылар аман алып қалған еді. Екі әскери қызметшінің денесі табылғаннан кейін қаза болғандар саны 14-ке жетті.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.
Бұған дейін Бас прокуратура әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты тергеу барысында бірқатар лауазымды тұлғаның күдікке ілінгенін хабарлаған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар ауа райы жағдайын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау жүргізіп, қажетті шараларды қабылдамаған. Сондай-ақ құтқару жұмыстарын ұйымдастыруда да тиісті талаптар сақталмады деген күдік бар.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий жағалауында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде болған.
Алғашқы мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші ағып кеткен. Тоғыз адам қаза тауып, үшеуі құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жеткізілген. Кейін нақтыланған ақпаратта теңізге ағып кеткен әскери қызметшілер саны 17 адам болғаны хабарланды. 12 адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшінің тағдыры белгісіз болып, оларды іздеу жұмыстары жалғасты.
Әскери қызметшілердің қазасына байланысты Ақтау гарнизоны бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылды. Қажетті сот сараптамалары тағайындалып, тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.
Премьер-министрдің тапсырмасымен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті.
25 қыркүйек Қазақстанда Каспий жағалауындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қорғаныс министрлігі қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Әскери-теңіз күштерінің қызметшілерінің тізімін жариялады.
Қанат Бозымбаев бұған дейін оқиғаның барлық мән-жайы мұқият әрі объективті зерттелетінін айтып, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеген.
Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Ғаджи Ғаджиев пен Шахмұрат Муталип, сондай-ақ қазақстандық продюсер әрі кәсіпкер Алмас Жали қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді.
Материал авторы