2376

«Досымды жарты сағат іздедім»: Каспийдегі жаттығудан аман қалған сарбаздың жағдайы белгілі болды

Ақжол Темірәлиев теңізге ағып кеткеннен кейін досын іздеп, кейін жағалауға өз күшімен жеткен.

«Досымды жарты сағат іздедім»: Каспийдегі жаттығудан аман қалған сарбаздың жағдайы белгілі болды
threads.com/@azamat_sarsenbayev

 SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаз Ақжол Темірәлиевтің ауруханада жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Сарбаздың жағдайы жақсарған, қазір ол терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Маңғыстау облысынан шыққан блогер Азамат Сәрсенбаев әскери қызметшінің ата-анасымен бірге ауруханаға барған. Сарбаздың әкесі ұлымен бұған дейін аздап сөйлесіп үлгергенін айтқан.

Әкесінің сөзінше, әскери қызметшілер теңізге ағып кеткеннен кейін Ақжол шамамен жарты сағат бойы досы Азаматты іздеген. Кейін оның басы айналып, су жұтып қойған. Соған қарамастан жағалауға дейін жүзіп жеткен.

Сарбаз жедел жәрдемнің келгенін есінде сақтағанымен, ауруханаға жеткізілгенге дейінгі уақыт аралығында не болғанын нақты білмейді. Әкесі ұлы жансақтау бөлімінде жатқан кезде оны жағдайын егжей-тегжейлі сұрап мазаламағанын жеткізді.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Избасаров әскери қызметшінің жағдайы жақсарғанын хабарлады. Қазір Ақжол Темірәлиев терапия бөлімінде ем алып жатыр.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде болған.

Кейін Қорғаныс министрлігі оқиға кезінде қаза тапқан Әскери-теңіз күштерінің 12 қызметшісінің аты-жөнін жариялады. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Материал авторы