1619

Каспийдегі қаза: әскери қызметшілердің отбасыларына жиналатын қаражатты кім бақылайды

Жиналған қаражат әскери міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметшілердің отбасыларына ғана бағытталатыны айтылды.

Каспийдегі қаза: әскери қызметшілердің отбасыларына жиналатын қаражатты кім бақылайды
Қорғаныс министрлігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының әкімдігі Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қосымша материалдық көмек жинауды ұйымдастыратын бірыңғай операторды анықтады. Бұл туралы облыс әкімдігі жазды.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, соңғы күндері азаматтардан, бизнес өкілдері мен түрлі ұйымдардан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай қолдау көрсетуге қатысты көптеген өтініш түскен. Осыған байланысты қайырымдылық қаражатын жинау процесін жүйелеп, көмек көрсетудің бірыңғай әрі ресми тетігін енгізу туралы шешім қабылданған.

Әкімдік бұл қадамның тағы бір мақсаты — алаяқтық әрекеттердің алдын алу екенін атап өтті. Жиналған барлық қаражат тек әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсетуге жұмсалатыны хабарланды.

Қаражаттың мақсатты пайдаланылуы қамтамасыз етіліп, қордың жұмысы мен қаржы қозғалысы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

Әкімдік азаматтар мен бизнес өкілдерін көмек көрсету кезінде тек қордың ресми деректемелерін пайдалануға шақырды. Ақшаны жеке тұлғалардың банк карталарына, жеке шоттарына немесе белгісіз деректемелер бойынша аудармау ескертілді.

Көмек көрсетуге арналған ресми деректемелер:

  • Қоғамдық бірлестік: «Ұлттық рух»

  • БСН: 090140013447

  • Банк: «Alatau City Bank» АҚ

  • БСК: TSESKZKA

  • ЖСК: KZ03998PTB0000488655

  • Валюта: KZT

Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші Каспий теңізіне ағып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Материал авторы