Алматы тауларына алғашқы қар түсті
Шымбұлақтың Талғар асуындағы шамамен 3200 метр биіктіктегі аумағында алғашқы қар жауды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы маңындағы тауларда алғашқы қар жауды. Ақ ұлпа Шымбұлақ тау-шаңғы курортының Талғар асуындағы биік бөлігін басқан.
Әлеуметтік желіде Шымбұлақтағы алғашқы қардың видеосы тарады. Кадрлардан тау бөктерін ақ ұлпаның жапқаны көрінеді.
Шымбұлақтың онлайн-трансляциясына қарағанда, қар курорттың аспалы жолының жоғарғы станциясы орналасқан аумақта жауған. Бұл нүкте теңіз деңгейінен шамамен 3200 метр биіктікте орналасқан.
Қазгидрометтің болжамынша, 26-28 қыркүйек аралығында Қазақстанның басым бөлігін солтүстік-батыстан келетін антициклон ықпалы анықтайды. Осы кезеңде Алматы облысының таулы аудандарында түнгі уақытта жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі.
Айта кетейік, Алматы облысының тауларында қар тамыз айының соңында да жауған. Сол кезде Райымбек ауданындағы Ақкөл жайлауындағы қар басқан тау беткейлерінің видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.
Материал авторы