Каспийдегі қаза: жұлдыздардың жазбалары желіде қызу сынға ұшырады
Әлеуметтік желі қолданушылары бірқатар танымал адамның қайғылы оқиға кезінде ойын-сауық сипатындағы жазбалар жариялағанын сынға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін бірқатар шоу-бизнес өкілі, блогер және спортшының әлеуметтік желідегі жазбалары қоғам талқысына түсті. Кей қолданушылар танымалдардың қайғылы оқиғаға байланысты үнсіз қалғанын немесе сол күні ойын-сауық сипатындағы контент жариялағанын сынға алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy басылымы жазды.
Әлеуметтік желідегі сынға тележүргізуші Арман Жаналиев те ілікті. Желі қолданушыларының айтуынша, ол қайғылы оқиға болған түні TikTok-та тікелей эфир өткізіп, футбол тақырыбын талқылаған.
Әнші Мөлдір Әуелбекова да сынға ұшырады. Ол қайғылы оқиға болған күні жаңа әні мен клипін таныстыратын видео жариялаған. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның жазбасына наразылық білдірген.
Ал ММА спортшысы Қуат Хамитовтың FIFA 2026 футбол симуляторы туралы жазбасы да көпшілік назарынан тыс қалмады. Ол ойынды сынап, ойын барысы мен тактикасына қатысты пікір білдірген.
Осы жазбаға жауап ретінде кей қолданушылар әскери қызметшілердің қазасы мен елдегі аза тұту жағдайын ескеріп, спортшының жарияланымын орынсыз деп бағалаған. Әлеуметтік желідегі пікірлердің арасында оны тікелей сынаған жазбалар да болды.
Сонымен бірге бірқатар танымал тұлға қайғылы оқиғаға байланысты өз ұстанымын ашық білдірді. Халық әртісі Димаш Құдайберген қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.
Ал әнші AMRE 1 қазанға дейін ойын-сауық жобаларына қатыспайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол 26 қыркүйекке жоспарланған Теміртау қаласының күніне арналған концерттен бас тартқан.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілер теңізге ағып кеткен. Кейін Қорғаныс министрлігі 14 әскери қызметшінің қаза тапқанын растады.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. 25 қыркүйек Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Материал авторы