Каспийде қаза тапқан үш әскери қызметшінің денесі Оралға жеткізілді
Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың жаназасы 26 қыркүйекте өтеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының үш әскери қызметшісінің денесі Оралға жеткізілді. Олар — Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаж. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жазды.
Арнайы рейс 25 қыркүйек күні сағат 08:45-те Орал қаласының әуежайына қонған.
Өңір әкімдігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады. Қолдауға жергілікті атқарушы органдармен қатар бизнес өкілдері де қосылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар бизнес өкілдері де қолдау білдіреді. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр», — делінген Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарламасында.
Қаза тапқан әскери қызметшілерді жерлеуді ұйымдастыру және олардың отбасыларына көмек көрсету мәселесі облыс әкімінің жеке бақылауына алынған.
Әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий жағалауында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізген. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші теңізге ағып кеткен.
Алғашқы мәлімет бойынша, тоғыз әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Кейін нақтыланған ақпаратта 12 адамның қаза тапқаны белгілі болды. 25 қыркүйекте теңізге ағып кеткен тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, Қорғаныс министрлігі қаза болғандар саны 14 адамға жеткенін растады.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылды. Қажетті сот сараптамалары тағайындалып, тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті.
25 қыркүйек Қазақстанда Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Материал авторы