1862

Каспийдегі қаза: бес әскери басшы күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды

Күдікке ілінгендердің арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі және екі рота мен катер командирі бар.

Каспийдегі қаза: бес әскери басшы күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды. Олар қызметке салғырт қарады және ауыр зардапқа әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Polisia.kz Telegram-арнасы жазды.

Ұсталғандардың қатарында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары әрі штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасының және катер командирі бар.

Бес лауазымды тұлғаның барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қазіргі уақытта әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауында өткен оқу-жаттығу кезіндегі жағдайды анықтауға бағытталған. Әскери қызметшілер «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында қолайсыз метеорологиялық жағдайда теңізге ағып кеткен.

Тергеу барысында оқу-жауынгерлік тапсырманы ұйымдастыру және өткізу кезінде қандай шешімдер қабылданғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі жан-жақты зерделенеді. Сонымен бірге катердің техникалық жағдайы және оқу-жаттығуды өткізу мен әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті тексеріледі.

Іс аясында қажетті тергеу және процестік шаралар жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің әрқайсысының әрекетіне заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі.

Сотқа дейінгі тергеудің барысы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізген. Ауа райының күрт нашарлап, жел күшеюіне байланысты 17 әскери қызметші теңізге ағып кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды, ал екі әскери қызметші із-түзсіз кеткен болатын.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен Үкіметтік комиссия құрылды.

25 қыркүйекте Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Кейін іздеу жұмыстары барысында теңізге ағып кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза болғандардың жалпы саны 14 адамға жетті.

Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға және құтқару шараларына қатысты талаптардың бұзылуына күдікті лауазымды тұлғалар анықталған.

Материал авторы