6661

Тоқаев: Қазақстан мен Қытай өзара сауданы $100 млрд-қа дейін арттырмақ

Президенттің айтуынша, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы $50 млрд-қа жуықтап, үкіметтер оны екі есеге арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Тоқаев: Қазақстан мен Қытай өзара сауданы $100 млрд-қа дейін арттырмақ
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай өзара сауда көлемін $100 млрд-қа дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын сөз еткен кезде айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі жазды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып қала береді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы $50 млрд-қа жуықтаған. Енді үкіметтер өзара сауда көлемін $100 млрд-қа дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Тоқаевтың мәліметінше, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ірі мемлекеттердің қатарында. Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жиынтық көлемі $29 млрд-тан асады. Сонымен қатар Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл елде тіркелген шетелдік компаниялардың шамамен жетіден біріне тең.

Президент екіжақты байланыстың өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты бағыттарда нығайып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау құқықтық негіз қалыптастырған.

Тоқаев екі ел арасындағы визасыз режимнің де іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал етіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда ауқымды инвестициялар тартуға және ірі жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасалған.

Көлік және логистикаға басымдық берілмек

Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі көлік-логистика саласы болып отыр.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық серіктестерімен бірге теміржол өткізу мүмкіндігін арттырып, автомобиль жолдары мен теңіз порттарын кеңейтіп, әуе жүк тасымалы мен шекара маңындағы инфрақұрылымды дамытып жатыр.

Қытайдың Ляньюньган қаласынан Ақтауға дейінгі бағытта Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасқан. Бұл жүйені толықтыратын жаңа нысандардың бірі Чэнду қаласындағы қазақ-қытай терминалы болмақ.

Мемлекет басшысы Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысының жаңа құрылымын қалыптастыратын Орта дәлізді дамыту Қазақстан үшін басым міндет екенін айтты.

Болжам бойынша, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздардың саны 3 мыңға дейін жетеді. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық тізбектердегі транзиттік рөлін күшейтуге мүмкіндік бермек.

Қазірдің өзінде бірқатар бірлескен жобалар іске аса бастаған. Тамыз айында Арал-Каспий автожолының құрылысы басталды. Сонымен қатар Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын.

Жүк тасымалының ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Қытайдың Minmetals Logistics корпорациясымен бірлесіп, ұшқышсыз көлік технологиялары мен цифрлық шешімдер қолданылатын логистикалық дәліз құру жобасы да қолға алынған.

Қазақстан мультимодальды тасымалдарды дамытуға да назар аударып отыр. Ұлттық әуе жүк тасымалдаушысы Alatau Air Cargo жұмысын бастады. Сонымен қатар Cathay Pacific Cargo секілді ірі халықаралық жүк әуе компаниялары Қазақстан нарығына шығып жатыр.

Жолаушылар тасымалы бағытында да жаңа әуе рейстері ашылған. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу және Ақтау – Үрімші бағыттары іске қосылды. Осы аптада Алматы мен Чунцин қалаларын байланыстыратын алғашқы тікелей жолаушылар рейсі ашылды.

Материал авторы