3104

«Оралуына бір апта қалған еді»: Каспийде қаза тапқан 19 жастағы сарбаздың әкесі ұлын еске алды

19 жастағы Өмірбек Өмірзақ әскерден босап, бірнеше күннен кейін үйіне оралуы керек болған, алайда оның өмірін Каспийдегі қайғылы оқиға үзді.

«Оралуына бір апта қалған еді»: Каспийде қаза тапқан 19 жастағы сарбаздың әкесі ұлын еске алды
mgorod.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 19 жастағы Өмірбек Өмірзақ әскерден босап, бірнеше күннен кейін үйіне оралуы керек болған. Алайда ол теңіздегі қайғылы оқиғадан қаза тапты. Бұл туралы «Мой Город» басылымы жазды.

25 қыркүйекте Каспийде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының үш әскери қызметшісі — Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Гилаждың денесі арнайы әскери ұшақпен Орал әуежайына жеткізілді.

Үш сарбаз да Батыс Қазақстан облысынан әскерге шақырылған. Олардың жасы 19 бен 21 жас аралығында болған.

Жеңіс Темірғалиевтің денесі Бөрлі ауданының Ақсай қаласына жеткізілді. Ақжайық Гилаж Казталов ауданының Қараоба ауылында жерленеді. Ал Өмірбек Өмірзақтың денесі Теректі ауданының Подстепное ауылындағы ата-анасының үйіне жеткізілді.

Қаралы үйге марқұмның туған-туыстары, достары мен жақындары жиналып, оның ата-анасына көңіл айтты. Өмірбектің денесін үйіне әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері алып келген.

«5 қазанда қарсы алуымыз керек еді»

Өмірбек Өмірзақ Володарка ауылындағы мектепті бітірген. Ол полиция қызметкері болуды армандаған, гитарада жақсы ойнаған. 2025 жылдың қазанында әскерге аттанған.

Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының орынбасары Арман Сатқановтың айтуынша, қаза тапқан сарбаздардың әскери қызметін аяқтауына сегіз күн ғана қалған. Үйге қайту билеттері де алдын ала алынған.

Өмірбектің әкесі Өмірболат Өмірзақұлы ұлының үйге оралуын асыға күткенін айтты.

«Ұлымды 2025 жылдың 3 қазанында әскерге шығарып салдық. 5 қазанда оны қарсы алуымыз керек еді. Бірақ бұйырмады, ұлымыздан айырылып қалдық. Ол әрдайым сабырлы болатын, құқық қорғау органдарында қызмет етуді армандайтын. Өмірбек тұңғышымыз еді. Одан кейін Арсен есімді тағы бір ұлымыз бар, ол 18 жаста. Қазір бұдан артық айтарым жоқ», — деді ол.

Арман Сатқановтың сөзінше, сарбаздар Әскери-теңіз күштері базасының теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальоны құрамында қызмет еткен. Бұған дейін теңіз десантын түсіру бойынша екі оқу-жаттығу өткізіліп, әскери қызметшілер тиісті дайындықтан өткен.

Алайда 24 қыркүйекте оқу-жаттығудың бір кезеңі — теңіз десантын жағалауға түсіру кезінде — ауа райы күрт өзгеріп, толқын көтерілген. Соның салдарынан сарбаздарды теңіз ағызып әкеткен.

Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізген. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметші теңізге ағып кеткен.

Алғашқы мәлімет бойынша, тоғыз әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Кейін іздеу жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза болғандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші аман қалды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия құрылды. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарауға және кеме жүргізу ережелерін бұзуға қатысты баптары бойынша тергеліп жатыр.

Үкіметтік комиссияның отырысында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Іске мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалған.

Қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу және оларды жерлеу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді.

Материал авторы