Каспийдегі қайғылы оқиға: Тоқаев қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына жеделхат жолдады
Президент қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтып, марқұмдарды мемлекеттік наградаларға ұсынуды тапсырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдады.
Президенттің жеделхаттарын қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына Маңғыстау және Түркістан облыстарының басшылары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы және қоғам белсенділері жеткізген.
Жеделхаттарда Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстарына қолдау білдіріп, отбасыларына қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін атап өткен. Сондай-ақ қайғылы жағдайға кінәлі тұлғалар заң аясында қатаң жазаға тартылатыны айтылған.
Бұдан бөлек, қаза тапқан әскери қызметшілер мемлекеттік наградаларға ұсынылатыны көрсетілген.
Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий жағалауында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізген. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен.
Оқиға кезінде 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза болғандар саны 14 адамға жетті.
Қаза болған әскери қызметшілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Істің тергелуі Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі — ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бап — кеме жүргізу ережелерін бұзу бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті.
25 қыркүйек Қазақстанда Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға және құтқару жұмыстарына қатысты ықтимал заң бұзушылықтар зерттелді.
Іс аясында Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының штаб бастығы әрі бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар.
Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін арнайы қорға қаражат жиналды. Қажетті сома жинақталғаннан кейін қаражат жинау тоқтатылып, оны отбасыларға ашық әрі нысаналы түрде бөлу үшін арнайы комиссия құрылды.
Материал авторы