Қорғаныс министрі Каспийде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларымен кездесті
Дәурен Қосанов қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына министрлік тарапынан қажетті көмек әрі тұрақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларымен кездесті.
Министр қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, орны толмас қазаға байланысты отбасылардың қайғысына ортақ екенін жеткізді.
«Бұл сарбаздар біз үшін жай ғана әскери қызметші емес, олар – қаруластарымыз, біреудің ұлы, біреудің бауыры. Олардың қазасы – бүкіл Қарулы күштер үшін ауыр қаза. Біз жақындарымен бірге қайғырамыз және осы қиын кезеңде олардың жанынан табыламыз», – деді Дәурен Қосанов.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мадихан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Ведомство олардың әскери қызмет барысында тәртіпті әрі жауапты болғанын, өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарғанын атап өтті.
Дәурен Қосанов қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына министрлік тарапынан қажетті көмек көрсетіле беретінін айтты. Сондай-ақ ведомство туыстарына туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесіп, олармен тұрақты байланыста болмақ.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысының Каспий жағалауында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізіп жатқан кезде төтенше жағдай болды. Алғашқы мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші түсіп, олардың тоғызы қаза тапқаны, үшеуі құтқарылғаны хабарланған.
Кейін нақтыланған ақпаратқа сәйкес, оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Сол кезде тағы екі сарбаз із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған.
Кейін іздеу жұмыстары барысында жоғалған екі әскери қызметшінің де денесі табылып, қаза тапқан сарбаздардың жалпы саны 14 адамға жетті.
Әскери қызметшілердің қазасына байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтау жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті.
25 қыркүйекте Қазақстанда Каспий жағалауындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі қайғылы оқиға кезінде қаза болған Әскери-теңіз күштері әскери қызметшілерінің тізімін жариялаған еді.
Қанат Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайы мұқият әрі объективті түрде тексерілетінін айтып, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Ғаджи Ғаджиев пен Шахмұрат Муталип, сондай-ақ продюсер әрі кәсіпкер Алмас Жали қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін айтқан.
Материал авторы