4068

Маңғыстау облысы әкімінің екі орынбасары тағайындалды

Ербол Ізбергенов облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалса, Бекбол Орынбасаров әкімнің орынбасары қызметіне келді.

Маңғыстау облысы әкімінің екі орынбасары тағайындалды
Маңғыстау әкімдігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды. Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Ербол Ізбергенов облыс әкімінің бірінші орынбасары, ал Бекбол Орынбасаров әкімнің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жазды.

Ербол Ізбергенов 1973 жылы 11 тамызда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1991 жылы тас қалаушы болып бастаған. Кейін құрылыс саласында, Ақтау қаласы әкімдігінде, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары және облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерінде жұмыс істеген.

Сондай-ақ ол Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігінде, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде еңбек еткен. 2019–2020 жылдары «Ақтау теңіз порты» АЭА» басқарма төрағасының орынбасары болды. Кейін «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарды.

2020–2023 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, кейін қала әкімі қызметін атқарды. 2024–2025 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2025 жылғы 2 қыркүйектен бері облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

Бекбол Орынбасаров 1971 жылы 18 маусымда Түпқараған ауданында туған. Еңбек жолын 1993 жылы «Баутинский» кеден бекетінің инспекторы ретінде бастаған.

Әр жылдары банк саласында, Ақтау қаласы әкімдігінде және Маңғыстау облысының мемлекеттік органдарында қызмет атқарды. Ақтау әкімі көмекшісі, әкім аппаратының басшысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, сондай-ақ қала әкімінің орынбасары болды.

2006–2008 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ішкі әкімшілік департаменті басқармасын басқарды. Кейін «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында жұмыс істеп, 2010–2019 жылдары «Отырар Энерджи» және «Адай» компанияларын басқарды.

2020–2021 жылдары «Ақтау теңіз порты» АЭА» басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2021–2023 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болды.

2023–2026 жылдары Бекбол Орынбасаров Қазақстан Парламенті Сенатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болды. Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің құрамында жұмыс істеді.

Материал авторы