3866

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін екі матрос туралы ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі жауап берді

Әскери ведомствоның мәліметінше, Ахметов пен Мағауия оқу-жаттығу кезінде жағалауда болған және қазір әскери бөлімде қызметін жалғастырып жатыр.

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін екі матрос туралы ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі жауап берді
Қорғаныс министрлігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығудан кейін әлеуметтік желілерде тараған екі мерзімді матросқа қатысты ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жазды.

Ведомствоның мәліметінше, Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. әскери жаттығу кезінде жағалауда оқу тапсырмаларын орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, екі матрос та қазір әскери бөлімнің орналасқан жерінде. Олар белгіленген күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін жалғастырып жатыр.

Министрлік әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге байланысты азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ресми дереккөздердегі хабарламаларға сүйенуге шақырды.

Каспийдегі әскери жаттығу кезінде не болды?

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізген. Кенеттен ауа райы нашарлап, желдің күшеюі салдарынан теңізге 17 әскери қызметші кеткен.

Алғашқы дерек бойынша, олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Тағы екі әскери қызметші із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті.

25 қыркүйекте Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осыдан кейін қайтыс болған әскери қызметшілер саны 14 адамға жетті.

Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқу-жаттығуды ұйымдастыру және құтқару жұмыстарын жүргізуге байланысты талаптардың бұзылуына қатысы бар лауазымды тұлғалар анықталды.

Қылмыстық іс аясында Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды қызметкері ұсталды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының штаб бастығы әрі бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасы мен катер командирлері бар.

Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Материал авторы