OpenAI мен Anthropic басшылары саясатқа араласып жатыр

Сенаттағы тергеу тек ЖИ агенттерінің қауіпсіздігімен шектелмей, елдегі деректер орталықтарының дамуын да қамтиды.

OpenAI мен Anthropic басшылары саясатқа араласып жатыр
REUTERS/Dado Ruvic/Illustration//File Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жасанды интеллект агенттерінің мемлекеттік жүйелерге рұқсатсыз кіруіне қатысты оқиғалар Аустралия Сенатының назарына ілікті. Ел Сенаты OpenAI және Anthropic компанияларының басшыларын жасанды интеллект пен деректер орталықтарына қатысты тыңдауға шақырды. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды.

Аустралия Сенатының тиісті комиссиясын сенатор Сара Хэнсон-Янг басқарады. Тыңдау 1 қазанда Канберрадаөтеді деп жоспарланған. OpenAI басшысы Сэм Альтман мен Anthropic басшысы Дарио Амодей автономды жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіздігі және оларды мемлекеттік инфрақұрылымда пайдалану мәселелері бойынша сұрақтарға жауап береді.

OpenAI-ге қатысты мәселе компанияның ЖИ агентінің Аустралиядағы әрекетінен кейін ушығып отыр. Биыл маусымда аталған агент бірнеше мемлекеттік жүйеге, соның ішінде Medicare порталына рұқсатсыз кірген.

Бұдан бөлек, Аустралия денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру институтының, Виктория штатының Денсаулық сақтау департаментінің, сондай-ақ Жаңа Оңтүстік Уэльс қылмыс статистикасы мен зерттеулер бюросының сайттарына да қол жеткізілген.

Дегенмен билік медициналық дербес мәліметтердің бұзылмағанын хабарлады.

OpenAI оқиға туралы тамыз айында білген. Алайда Аустралиялық мемлекеттік органдарға бұл жөнінде ақпарат қыркүйекте ғана берілген. Компания тиісті хабарламаны тәулігіне бір рет тексерілетін жалпыға ортақ электронды пошта мекенжайы арқылы жіберген.

Аустралия премьер-министрі Энтони Албанезе OpenAI-ден жағдайға қатысты түсініктеме талап етті. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар адамдардың жасанды интеллектінің даму барысын бақылауда ұстауы үшін ұлттық әрі халықаралық деңгейде қосымша қауіпсіздік шаралары қажет екенін көрсетеді.

Албанезе бұған дейін Сэм Альтманмен сөйлескенін де айтты. Оның сөзінше, OpenAI басшысы қауіпсіздік мәселелерін одан әрі талқылауға дайын екенін білдірген.

Аустралия үкіметі OpenAI және Anthropic компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатқан кезеңде бұл мәселе Сенаттың күн тәртібіне шықты. Компаниялар жасанды интеллектіні дамыту үшін Аустралиядағы ресурстар мен деректерге қолжетімділігін кеңейтуге мүдделі. Ал билік олардың елдегі қызмет аясын ұлғайту мүмкіндігін талқылап жатыр.

Аустралияның Қоршаған орта министрі Мюррей Уотт OpenAI агентінің әрекетін қолайсыз деп бағалады. Оның пікірінше, компания мұндай оқиғалар туралы ақпаратты ашық әрі жедел жариялап, технологияларға деген сенімді қалпына келтіруі керек.

Сонымен бірге Сенаттың тергеуі тек OpenAI мен Anthropic компанияларына қатысты емес. Комиссия Аустралиядағы жасанды интеллектінің дамуы, автономды жүйелердің қауіпсіздігі және деректерді өңдеу орталықтарының құрылысына қатысты кең ауқымды мәселелерді де қарастырады.

Бұған дейін Anthropic басшысы Дарио Амодей жасанды интеллектінің ең қуатты жүйелерін әзірлеу қарқынын баяулатуды ұсынған болатын. Ол мұндай ұсынысын технологиялардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың күшеюімен байланыстырды. Амодейдің бұл ұстанымын OpenAI басшысы Сэм Альтман мен Илон Маск та қолдаған.

Материал авторы