Шиеліде ауыл тұрғынын пышақтады деген жасөспірім ұсталды
Сот кәмелетке толмаған күдіктіге қамауға алудың орнына үйқамақ түріндегі бұлтартпас шарасын таңдады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданында жергілікті тұрғынға пышақпен шабуыл жасады деген жасөспірім ұсталды. Кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпас шарасын таңдады. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Оқиғаға қатысты полицияға пышақ жарақатын алған ауыл тұрғыны жүгінген. Осы факті бойынша «Бұзақылық» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында кәмелетке толмаған бала күдікті ретінде ұсталды. Сот оның үйқамақта болуына санкция берген.
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрсұлтан Алтайдың айтуынша, жасөспірімнің заңды өкілдері бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.
Сонымен қатар жағдайға ықпал еткен себептерді анықтап, олардың алдын алу үшін аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс жолданды.
Қылмыстық іс бойынша тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Материал авторы