891

«Өзін өзі құтқарды»: Каспийдегі оқиғадан аман қалған әскери қызметшінің туыстары мәлімдеме жасады

Никита Удаловтың туыстары оның басынан өткен жағдайды көпшілік алдында айтуға әзір емес екенін айтып, жеке кеңістігін құрметтеуді сұрады.

«Өзін өзі құтқарды»: Каспийдегі оқиғадан аман қалған әскери қызметшінің туыстары мәлімдеме жасады
Никита Удаловтың туыстары жариялаған

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметші Никита Удаловтың туыстары мәлімдеме жасап, оның қазіргі уақытта болған жағдай туралы көпшілік алдында сөйлеуге дайын емес екенін айтты. Бұл туралы Lada.kz жазды.

Туыстарының үндеуі Никитаның ағасының Instagram парақшасында жарияланған. Олар әлеуметтік желілерде тараған тексерілмеген ақпаратқа байланысты жұртшылықты сабырға шақырып, әскери қызметшінің не себепті әзірге сұхбат бермейтінін түсіндірді.

Туыстарының айтуынша, оқиға кезінде Никита жағдайды бағдарлап, жағалауға өз күшімен жетіп, аман қалған.

Қазір оның болған жағдай туралы егжей-тегжейлі әңгімелеуге дайын еместігі айтылды. Туыстары Никитаның көпшілік назарында болуды қаламайтынын, сұхбат беруге және оқиға жайлы мәлімет таратуға әзір емес екенін жеткізді.

Олар әскери қызметшінің басынан өткерген жағдайын ескеріп, оның бұл ұстанымына түсіністікпен қарауды және жеке кеңістігін құрметтеуді сұрады.

Каспийдегі қайғылы оқиға

Еске салайық, 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізіне 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.

Кейін аман қалған үш әскери қызметшінің қатарында Никита Удалов та бар екені белгілі болды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Никита Удалов пен тағы екі әскери қызметшіні «Ерлігі үшін» медалімен марапаттаған.

Оқиғадан кейін Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің басшылығында да өзгерістер болды. Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Материал авторы