680

Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезінді

28 қыркүйек таңертең Алматының оңтүстік-батысында жер сілкінісі тіркеліп, бірқатар елді мекен тұрғындары дүмпуді сезінді.

Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезінді
google.com/maps

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезінді. Жерасты дүмпуі 28 қыркүйек күні Астана уақытымен сағат 09:38-де тіркелген. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жазды.

ҚР ТЖМ-нің «Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісінің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан.

Ведомствоның есептеуінше, дүмпудің қарқындылығы Қаскелең мен Боралдайда 2-3 балл, ал Өтеген батырда 2 балл болған.

ТЖМ тұрғындарды сабырға шақырып, дүрбелеңге берілмеуге үндеді. Министрлік ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға кеңес берді.

Ведомство қазіргі жағдай бақылауда екенін хабарлады. Жер сілкінісіне қатысты ақпарат нақтыланып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін дәл осы күні таңғы сағат 06:32-де Қазақстан аумағында тағы бір жер сілкінісі тіркелген. Алайда оның дүмпуі Алматыда сезілмеген. Таңғы оқиғаға байланысты қаланың жедел қызметтеріне тұрғындардан ешқандай өтініш түспеген.

Материал авторы