Қазақстан жолдарын тексеру кезінде 1,6 мыңнан астам ақау анықталды
Жолдағы шұңқыр, жарықшақ пен асфальт жабындысының ығысуы сияқты ақаулар үшін жауапты мамандар жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандағы жол жұмыстарының сапасын тексеру кезінде 1 670 ақау мен заңбұзушылық анықталды. Тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген техникалық қадағалау мамандарына жалпы 53,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 22 сарапшы жұмыстан шығарылды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, жыл басынан бері компания мамандары жол жұмыстарының сапасына шамамен 50 тексеру жүргізген. Бақылау шараларының нәтижесінде 1 670 кемшілік тіркелген.
Қазіргі уақытқа дейін олардың 831-і, яғни жалпы ақаулардың 49,8 пайызы жойылған. Қалған кемшіліктерді түзету жұмыстары жалғасып жатыр.
Тексеру кезінде жол жамылғысындағы шұңқырлар мен жарықтар, асфальт-бетон қабатының ойылып кетуі, ығысуы және көліктер жүретін бөліктегі колеялар сияқты ақаулар анықталған. Мұндай кемшіліктер жолдардың пайдалану жағдайына тікелей әсер етеді.
«ҚазАвтоЖол» әрбір анықталған факті бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады. Жол сапасын талапқа сай бақыламаған техникалық қадағалау мамандарына жалпы 53,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар 22 сарапшы жұмыстан босатылған.
Компания ақаудың анықталуы жол жұмысының қабылданғанын білдірмейтінін атап өтті. Мердігер ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою туралы талаптар қойылып, жауапты тұлғаларға заңнамада көзделген шаралар қолданылады.
Қазақстанның республикалық жол желісіндегі құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру алдағы уақытта да жалғасады.
Материал авторы