Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік мобильді байланысы іске қосылды
Жаңа қызмет шалғай елді мекендерде, таулы аймақтарда және қала сыртындағы жолдарда байланыс мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік мобильді байланысы іске қосылды. Жаңа технология үйлесімді смартфондарды тікелей спутникке қосып, жерүсті ұялы байланысы жоқ аумақтарда белгілі бір байланыс қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан мен Starlink компанияларының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Жаңа технологияны енгізу 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды. Сол жылдың қарашасында министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал желтоқсанда алғашқы практикалық сынақтар жүргізілді.
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы сынақтан өткізіліп қана қоймай, пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды.

Арнайы құрылғы қажет емес
Starlink Mobile қызметінің ерекшелігі – спутниктік телефон, сыртқы антенна немесе қосымша жабдық қажет емес. Үйлесімді смартфон спутниктерге тікелей қосыла алады.
Жерүсті мобильді желісі болмаған жағдайда пайдаланушылар хабарлама жіберіп, қабылдай алады. Сонымен қатар базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Beeline Қазақстан клиенттері үшін қызмет промо-кезеңде тегін ұсынылады.
Спутниктік байланыс әсіресе шалғай елді мекендер, таулы аумақтар мен қала сыртындағы автожолдар үшін маңызды. Сондай-ақ бұл технология жерүсті байланыс инфрақұрылымы істен шыққан немесе зақымданған жағдайда адамдардың байланыста қалуына қосымша мүмкіндік береді.
Жаңа қызмет туристерге, шалғайда тұратын азаматтарға, жол және коммуналдық қызмет мамандарына, сондай-ақ елді мекендерден тыс жерде жұмыс істейтін қызметкерлерге пайдалы болуы мүмкін.

«Верный Капитал» тобының инвесторы Булат Өтемұратов Қазақстан аумағының кеңдігін ескере отырып, цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Оның пікірінше, қашықтық адамдардың заманауи технологияларға қол жеткізуіне кедергі болмауы тиіс.
Beeline Қазақстан CEO-сы Джаббор Каюмовтың айтуынша, компания үшін бұл технология мобильді байланыстың қолданыстағы қамту аумағынан тыс кеңейтуге жол ашады. Жоба министрлік, Beeline Қазақстан және Starlink мамандарының бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылған.
Жобаның тағы бір негізі – Beeline Қазақстанның бақылау пакетін иеленетін VEON тобы мен Starlink арасындағы жаһандық негіздемелік келісім.

Қызметті қалай қосуға болады
Қазіргі уақытта Starlink Mobile қызметі Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді құрылғыларға қолжетімді. Болашақта басқа операциялық жүйелерге қолдау көрсету мүмкіндігін кеңейту жоспарланып отыр.
Қызметті пайдалану үшін Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңарту қажет. Одан кейін қосымшадағы Starlink қызметін іске қосып, телефон баптауларынан деректер роумингін қосу керек.
Жерүсті мобильді байланысы болмаған жағдайда спутниктік желіні қолмен таңдауға болады. Ол Beeline Starlinkатауымен көрсетіледі, ал кейбір құрылғыларда 401 04 ретінде шығуы мүмкін.
