1165

Астанада ұры ашық тұрған пәтерге кіріп, 3,5 млн теңгеден астам зат ұрлаған

Әйел үйден шығарда пәтерінің кілтін есіктің сыртында қалдырып кеткен, ал үйіне оралғанда ішінен бейтаныс ер адамды көрген.

Астанада ұры ашық тұрған пәтерге кіріп, 3,5 млн теңгеден астам зат ұрлаған
Hans Geel / stock.adobe.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада пәтер иесі байқамай есік сыртында қалдырып кеткен кілт ұрының қолына түсіп, үйден 3,5 миллион теңгеден астам алтын бұйым ұрланған. Күдікті көп ұзамай қолға түсті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі жазды.

Оқиға Астанадағы пәтерлердің бірінде болған. Үй иесі сыртқа шығарда пәтерінің кілтін есіктің сыртында қалдырып кеткен. Кейін үйіне қайтып келгенде, пәтердің ішінде бейтаныс ер адам жүргенін байқаған.

Әйел есікті қағып, ер адамнан үйден шығуын талап еткен. Көп ұзамай есік ашылып, бейтаныс адам пәтерден жүгіріп шығып, қашып кеткен. Үй иесі дереу полицияға хабарласқан.

Тергеу барысында пәтерден бағалы әшекейлердің жоғалғаны анықталды. Атап айтқанда, гауһар тастары бар төрт алтын сақина, үш алтын алқа және үш жұп алтын сырға қолды болған. Полиция мәліметінше, ұрланған мүліктің жалпы құны 3,5 миллион теңгеден асқан.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қылмысқа күдікті 25 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Оның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Ұрланған әшекейлер тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция тұрғындарды жеке мүлкінің қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды. Ведомство пәтер кілтін құлыпта немесе бөгде адамдар оңай таба алатын жерде қалдырмауды ескертті.

Материал авторы