Семейде «Өрмекші адам» көлік тіркемесінде жүріп, жауапқа тартылды
Семейдегі аспалы көпірмен қозғалған Mitsubishi Pajero көлігінің тіркемесінде суперқаһарман костюміндегі ер адамның отырғаны видеоға түсіп қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде мейрамхана жарнамасы үшін суперқаһарман костюмін киген 18 жастағы жігіт Mitsubishi Pajero көлігінің тіркемесінде жүріп, жол қозғалысы ережесін бұзған. Оқиғаға қатысқандардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz Telegram-арнасы жазды.
Полиция әлеуметтік желілерді бақылау барысында Семейдегі аспалы көпірмен қозғалып бара жатқан Mitsubishi Pajero көлігінің тіркемесінде «Өрмекші адам» костюміндегі ер адам отырған видеоға тап болған.
Кейін бұл көріністің қаладағы мейрамханалардың бірін жарнамалау мақсатында ұйымдастырылғаны анықталды. Полицейлер бейнежазбаға қатысқан адамдарды тауып, полиция бөліміне жеткізді.
Тексеру нәтижесінде 23 жастағы Mitsubishi Pajero жүргізушісінің жолаушыны көлік кабинасынан тыс жерде, яғни тіркемеде тасымалдағаны анықталған. Осы құқық бұзушылық үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жарнамалық түсірілімге қатысқан 18 жастағы «Өрмекші адам» мен оның 25 жастағы серіктесі де жауапсыз қалмады. Полиция олардың жол қозғалысы ережелерін бұзғанын анықтап, әкімшілік шара қолданды.
Құқық қорғау органдары креативті жарнама үшін жасалған кез келген әрекет қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы заңнаманың шегінен аспауы керектігін еске салды.
Материал авторы