Доллардағы депозитке қанша пайыз төленеді: Қазақстанда шекті мөлшерлеме өзгереді
1 қазаннан бастап 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын немесе ұзартылатын валюталық жинақ депозиттері үшін шекті мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға өзгереді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда шетел валютасындағы жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме өзгереді. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын немесе ұзартылатын салымдар бойынша шекті мөлшерлеме қазіргі 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жазды.
Жаңа шекті мөлшерлеме тек 1 қазаннан кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған депозиттерге қатысты болады.
ҚДКБҚ түсіндіруінше, шекті мөлшерлеме — банктер шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде бағдар ретінде пайдаланатын жоғарғы деңгей. Ал нақты мөлшерлемені әр банк өзінің депозиттік өнімдеріне қарай дербес белгілейді.
Сонымен бірге мерзімді және мерзімсіз депозиттердің кез келген мерзімі бойынша, сондай-ақ 12 айға дейінгі жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме 1% деңгейінде сақталады.
ҚДКБҚ бұл өзгерісті Ұлттық банктің депозит нарығын долларсыздандыру саясатының нәтижесімен байланыстырып отыр. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстандағы долларлану деңгейі 2015 жылғы 80%-дан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі 19,2%-ға дейін төмендеген.
Қордың мәліметінше, макроэкономикалық жағдайдың жақсаруы және бір жылға жуық уақыт бойы теңгенің нығаю үрдісінің сақталуы валюталық нарықты реттеу тәсілдерін біртіндеп өзгертуге мүмкіндік берген. Осы бағытта Ұлттық банк пен ҚДКБҚ шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеуді кезең-кезеңімен жеңілдетуге кірісті.
Бұл ретте шетел валютасындағы жеке тұлғалардың депозиттеріне берілетін кепілдік сомасы өзгермейді.
ҚДКБҚ бір банктегі бір салымшының жинағын мына көлемде заң жүзінде қорғайды:
-
теңгедегі жинақ депозиттері бойынша, оның ішінде есептелген сыйақыны қоса алғанда — 20 млн теңгеге дейін;
-
басқа теңгелік депозиттер, ағымдағы шоттар мен төлем карталары бойынша — 10 млн теңгеге дейін;
-
доллар, еуро және басқа да шетел валютасындағы депозиттер, карталар мен шоттар бойынша — 5 млн теңгеге дейін.
ҚДКБҚ депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу арқылы банктер арасындағы бәсекелестікті ынталандыруды, банк секторындағы жүйелік тәуекелдердің шамадан тыс жинақталуына жол бермеуді және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді.
Қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне Қазақстанның 20 банкі қатысады.
Материал авторы