Петропавлда танымал суретші қоқыс жәшіктерін бояймын деп қамауға алынды
Сот суретшінің әрекетін бұзақылық деп танып, оған қамау жазасын тағайындады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда танымал көше суретшісі Станислав Алерт ауладағы қоқыс контейнерлеріне жазу жазғаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Суретші қоқыс жәшіктеріне «KISS ME» деген жазу қалдырған. Оның айтуынша, мұны видеоролик түсіру үшін жасаған. Кейін түсірілген материалды әлеуметтік желіге жариялаған. Алайда видеоны полиция қызметкерлері де көріп, суретшіні анықтаған.
Сот Станислав Алерттің әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалап, бес тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Суретші жазуды бірден бояп тастағанымен, бұл оны әкімшілік жауапкершіліктен босатпаған.
Оқиға Солтүстік Қазақстан облысында кең талқылауға түсті. Станислав Алерт өңірде көше өнерімен айналысатын белгілі суретшілердің бірі саналады. Ол қаладағы ғимараттардың қасбеттерін безендіріп, бірқатар танымал нысандарды көркемдеуге қатысқан.
Сот отырысында суретші өз кінәсін мойындады. Ол бостандыққа шыққаннан кейін оқиғаның егжей-тегжейін айтып беруге уәде еткен.
Алерттің сөзінше, қоқыс контейнерлеріне жазу видеоролик үшін арнайы түсірілген.
«Мен Берлин галереясының резидентімін. Қазір жұмыстарым Берлин мен Парижде қойылған», – деді суретші сотта.
Материал авторы