960

«Үш айдан бері көмектеспейді»: Жанель Мақажан бұрынғы күйеуіне ренішін айтты

Актрисаның айтуынша, бұрынғы жұбайы үш айдан астам уақыт бойы қыздарына моральдық және материалдық қолдау көрсетпеген.

«Үш айдан бері көмектеспейді»: Жанель Мақажан бұрынғы күйеуіне ренішін айтты
instagram.com/abay.asylkhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса Жанель Мақажан бұрынғы күйеуі Абай Асылханның қыздарына қатысты жауапкершілігіне байланысты мәлімдеме жасады. Өнер иесінің сөзінше, экс-жұбайы үш айдан астам уақыттан бері балаларына қаржылай да, моральдық та қолдау көрсетпеген.

Жанель Мақажанның айтуынша, Абай Асылхан отбасынан кеткен кезде қыздарының күтушісіне, тамағына, балабақшасына, киім-кешегіне және басқа да қажетті шығындарына жауап беретінін айтқан. Алайда актриса бұл уәденің орындалмай қалғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, балаларын қаржылай қамтамасыз ету қажеттігін бірнеше рет айтқанымен, өтініштері жауапсыз қалып келеді.

Актриса бұрынғы күйеуінің түрлі тойлар мен іс-шараларда жүргізуші ретінде жұмыс істеп жүргенін сырттан еститінін де жеткізді. Оның айтуынша, кей адамдар Абай Асылханның іс-шаралардағы фото және видеоларын өзіне жіберіп отырған.

Осыған байланысты Жанель Мақажан заңгердің көмегіне жүгінуге ниетті екенін айтты.

«Неше той, іс-шара жүргізіп жатқанын ұзынқұлақтан естіп жатырмыз. Бір-екеуін салып, басым көпшілігін жасырып жүр екен. Маған тіпті фото, видеоларын сыртынан жіберіп жатқан адамдар бар. Сол себепті өзіме мықты адвокат іздеймін», – деді актриса.

Сонымен қатар ол оқырмандарынан бұрынғы күйеуін қандай да бір іс-шарада көрген жағдайда, фото немесе видео жіберуді сұрады.

Жанель Мақажан балаларына қатысты жауапкершіліктен жалтару мәселесін заң аясында шешуге тура келуі мүмкін екенін де жазды.

«Баланы дүниеге әкеліп, оның барлық жауапкершілігінен қашқан адам адамгершілікпен түсінбесе, онда заң қолдану керек деп ойлаймын», – деп жазды ол.

Актриса бұрынғы жұбайына қыздарының ауырып жатқанын, дәрі-дәрмек, жөргек, қоспа, киім және азық-түлік қажет екенін жазған хабарламасын да жариялады.

Ол бұл мәселені әлеуметтік желіде көтергені үшін өзін сынамауды сұрады. Жанель Мақажан кейбір жағдайда бұрынғы күйеуі оны бұғаттап тастағанын және балаларға қажетті қаражатты сұрауға мүмкіндік болмай отырғанын түсіндірді.

Бұған дейін актриса жұбайымен екіге кеткенін тұспалдап айтқан болатын. Кейін некесінің бұзылуы туралы пікір білдіріп, бұрынғы күйеуінің туыстарымен болған келіспеушіліктер кезінде оның әйелі мен балаларының жағында болмағанын мәлімдеген. Жанель Мақажан отбасыны сақтап қалуға тырысқанын, алайда бұл әрекетінен нәтиже шықпағанын айтқан.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор