4315

Қазақстан Ауғанстанға астық экспортын 4,4 есе арттырды

Биыл сегіз айда Қазақстаннан Ауғанстанға 655 мың тонна астық жөнелтіліп, өткен жылмен салыстырғанда бұл бағыттағы тасымал 4,4 есеге артқан.

Қазақстан Ауғанстанға астық экспортын 4,4 есе арттырды
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан биыл Ауғанстанға астық тасымалын айтарлықтай арттырды. Жылдың алғашқы сегіз айында бұл елге теміржол арқылы 655 мың тонна астық жөнелтіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 4,4 есеге өскен.

Қазақстанның көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың айтуынша, қаңтар-тамыз аралығында ел ішінде теміржол көлігімен жалпы 9,3 млн тонна астық тасымалданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 13%-ға жоғары.

Оның ішінде 7,2 млн тонна астық экспортқа жөнелтілген. Былтыр сегіз айда сыртқы нарыққа 6,3 млн тонна астық тасымалданған болатын.

Ал Қазақстанның өз ішіндегі тасымал көлемі 2,1 млн тоннаны құрады. Бұл да өткен жылғы 1,9 млн тонна көрсеткіштен жоғары.

Көлік министрлігінің дерегіне сүйенсек, экспорттық бағыттардың ішінде Ауғанстанға астық жеткізу көлемі ерекше өскен. Бір жыл ішінде бұл елге тасымалданған астық көлемі 4,4 есеге көбейіп, 655 мың тоннаға жетті.

Қазақстанда биыл астық түсімі де жоғары болады деп болжанып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, егін жинау науқаны өткен жылғы қарқыннан озып келеді.

Қазірдің өзінде 13,5 млн гектар немесе дәнді дақылдар алқабының 83%-ы жиналған. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, жалпы 19,9 млн тонна астық бастырылған.

Материал авторы