836

«Үндемей қалуға болмайды»: Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткі мәселесін көтерді

Жан Мұқанов синтетикалық есірткінің таралуына алаңдайтынын айтып, бұл мәселені елемеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

«Үндемей қалуға болмайды»: Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткі мәселесін көтерді
instagram.com/impresario.tv

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткіге тәуелділік мәселесін көтеріп, өнер ортасында бұл тақырыпты жасырмай талқылауға шақырды.

Продюсердің айтуынша, шоу-бизнестегі мәселе алкогольмен ғана шектелмейді. Ол синтетикалық есірткінің, соның ішінде мефедрон және басқа да стимуляторлардың таралуына алаңдайтынын жеткізді.

Жан Мұқанов тәуелділіктің салдары бір адамның жеке өмірімен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жағдайдан есірткіге тәуелді адамның отбасы ғана емес, шығармашылық тобы, көмекшілері, серіктестері мен концерт ұйымдастырушылары да зардап шегуі мүмкін.

«Эстрададағы ең қауіпті мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділік. Бұл тек бір адамның жеке мәселесі емес. Оның зардабын отбасы, команда, серіктестер, ұйымдастырушылар – айналасындағы адамдардың бәрі тартады. Есірткі – таланттың да, табыстың да бір бөлігі емес. Бұл туралы үндемей қалмай, ашық айтуымыз керек. Өйткені бүгін елемеген мәселе ертең үлкен трагедияға айналуы мүмкін», – деп жазды продюсер.

Жан Мұқанов нақты бір өнер иесінің есімін атамады. Дегенмен ол әртістің жұмысын жиі тоқтатуы, байланысқа шықпай кетуі, мінез-құлқының күрт өзгеруі немесе кәсіби міндеттемелерін орындамауы белгілі бір мәселеге қатысты күмән тудыруы мүмкін екенін атап өтті.

Продюсер мұндай жағдайларға тек «әртістің жеке мәселесі» ретінде қараудың дұрыс еместігін айтты. Себебі бір адамның әрекеті тұтас шығармашылық топтың жұмысына және онымен байланысты жобаларға әсер етуі мүмкін.

Ол шоу-бизнес өкілдерін тәуелділік мәселесін жасырып қалмай, ашық талқылауға шақырды. Жан Мұқановтың пікірінше, проблеманы елемеу оның ықтимал салдарын одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор