«Екі ұлын жерлейді»: Астанада егізінен айырылған әйелдің туыстары көмек сұрады
Әйел жүктіліктің алтыншы айында бір сәбиінен айырылып, бірнеше аптадан кейін мерзімінен бұрын дүниеге келген екінші баласынан да көз жазған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада егізге жүкті болған әйел екі сәбиінен де айырылды. Пациенттің туыстары медициналық көмек көрсету сапасын тексеруді сұрап, әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Бұл туралы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Науқастың туысы бұл жағдайды Threads әлеуметтік желісінде баяндаған. Оның айтуынша, әйел жүктіліктің алтыншы айында егіз баланың бірінен айырылған. Отбасына шетінеген ұрықпен жүктілікті босанғанға дейін жалғастыруға болатыны айтылған.
Алайда бірнеше аптадан кейін әйелдің денсаулығына қатысты шағымдары пайда болған. Туысының жазуынша, ішінің тері түсі өзгеріп, пациент алдымен дерматологқа жіберілген және оған антибиотиктер тағайындалған. Кейін әйел перинаталдық орталыққа жатқызылған.
Туыстарының мәлімдеуінше, шұғыл ота жасау туралы шешім отбасы 109 қызметіне жүгінгеннен кейін қабылданған.
Екінші сәби жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келген. Салмағы 1 келі 600 грамм болған бала туған кезде тірі болып, жылаған. Ота жасаған дәрігердің кәсіби жұмыс істегенін және сәбидің жағдайы бастапқыда жақсы болғанын туыстары айтқан. Алайда нәресте бір тәуліктен кейін қайтыс болған.
Отбасы баланың өліміне сепсис себеп болғанын мәлімдеп, медициналық көмек сапасына қатысты тексеру жүргізуді сұрады.
«Бүгін менің ағам екі ұлын жерлеп жатыр, ал олардың анасы ауруханада жатып, бәрінен шаршағанын жазып отыр. Біз ол үшін де, осы ауруханада әлі босанатын басқа әйелдер үшін де қорқамыз», – деп жазды пациенттің туысы.
Әлеуметтік желідегі жарияланымға Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауап берді. Ведомство әйелдің қазір босанғаннан кейінгі бөлімде жатқанын, қажетті ем мен медициналық бақылау алып жатқанын хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша медициналық көмек көрсетуге тиісті баға берілмек.
Ведомство жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.
Материал авторы